Ауыл медицинасындағы оң бастамалар

773

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды.

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда. 

Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біздің облыста бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттыру, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің оң бастамалары баршылық. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында өзіміз барған Арал ауданынан байқадық.

Ауданда 2 аурухана, 4 емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік бекет және 36 медициналық бекет тұрғындарға қызмет етеді. Оларда 142 дәрігер, 692 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаевтың бұл қызметке келгеніне небәрі бір жарым ай болыпты. Десе де жұмыс барысын жан-жақты саралап, қыр-сырына қанығып үлгергені байқалады.

Бас дәрігердің айтуынша, ауданның медицина саласына жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр.  Мәселен, былтыр 307,2 млн теңгеге, биыл 8 айда 244,7 млн теңгеге дәрі-дәрмек алынса, материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға да айтарлықтай қаржы қаралған.

– Аудандағы емдеу, алдын алу мекемелеріне 147 млн теңгеге видеоэндоскоп аппараты, 3,5 млн теңгеге 14 медициналық мұздатқыш пен шкаф алынса, 1,4 млн теңгеге жылу қазандығы жаңартылды. Аудан бойынша 3 жылжымалы кешен жұмыс істейді. Олар –жылжымалы маммография, жылжымалы флюоромашина және жылжымалы медициналық кешен. Биылғы сегіз айда 15471 елді мекен тұрғыны жылжымалы кешен көмегіне жүгінген, – дейді бас дәрігер.

Ауданда медициналық нысандардың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Биыл Тастүбек және Жалғызағым елді мекендерінде медициналық бекет пайдалануға берілсе, Қызылжар, Бөген елді мекендерінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.

– Сексеуіл кентіндегі 40 орындық ауылдық аурухана құрылысына 575,6 млн теңге қаралып, құрылыс жұмысы жалғасын табуда. Бұдан бөлек, А.Байтұрсынов ауылдық емханасының, жүйке аурулар диспансерінің және Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулаторияның жылу қазандығын реконструкциялауға 213,8 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды, – деп атап өтті Бауыржан Мұратбекұлы.

Сондай-ақ, Арал қаласынан 25 төсектік инфекциялық корпус және Тоқабай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат бөлінген.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша аудандық көпбейінді орталық ауруханасы жанынан 54 төсектік неврологиялық және кардиологиялық бөлімше ашу үшін қосымша жапсаржайдың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Баспасөз турындағы алғашқы нысан аудандық көпбейінді орталық ауруханасы болды. Онда былтыр алынған КТ аппаратының жұмысымен таныстық. Былтыр 1470 тұрғын аппарат көмегіне жүгінсе, биыл жыл басынан қазіргі уақытқа дейін 2000-ға жуық тексеру жасалған. Құрылғының жоғары сезімталдығының нәтижесінде 3 адамнан мидың қатерлі ісігі, 2 тұрғыннан жатыр мойыны қатерлі ісігі анықталған. Сонымен қатар әртүрлі сынықтар, ішкі мүшелердің зақымдалуы және түрлі деңгейдегі миға қан құйылулар анықталуда. Ал биыл видеоэндоскоп аппараты алынып, қолданысқа берілген. Жыл басынан бері 700-ге жуық науқас тексерілген. Олардың арасынан өңеш, асқазан, он екі елі ішектің қатерлі ісігіне күдікті 10 жағдай анықталып, тексеруге жолданған.

– Бұл аппараттар жоқ кезде аудан халқы облыс орталығына, Қазалы ауданына барып, тексеруден өтетін. Қазір өзімізде бар. Ол тұрғындарға ыңғайлы болып отыр. Одан бөлек ауруханада автоматты хемилюминесцентті анализатор биылғы сәуір айынан бастап жұмыс істеп тұр. Ең соңғы үлгідегі заманауи құрылғы сағатына 180 тест жасайды. Бұған дейін аутоиммундық, инфекциялық, анемиялық, қабынулар, онкомаркерлер, жүрек аурулары маркерлері мен гормондар көрсеткіштеріне тексерулерді жеке зертханалар орындап жүрген. Оның нәтижесі 3-5 күнде қолымызға тиетін. Ал қазір иммунохемилюминесцентті әдіспен 22 көрсеткіш бойынша нәтижелер 1 күнде дайын болады. Бұл біз үшін де, науқас үшін де тиімді, – дейді бас дәрігер.

Онан соң Арал қаласына жақын орналасқан Жалғызағым ауылындағы жаңадан салынған медициналық бекет жұмысымен таныстық. Медициналық бекет 158 тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда бір мейіргер бар.

–       Медициналық бекет тұрғындардың өтінішімен былтыр салынып, берілді. Негізінен Жалғызағым аумақтық жағынан Сексеуіл кентіне қарайды. Ол осы жерден 40-50 шақырымда орналасқан. Ал Арал қаласы небәрі 4 шақырым жерде. Біздің халыққа Сексеуілге барғаннан мына тұрған Арал қаласына қатынаған тиімді. Осы жағын әкімдікке айтып жатырмыз. Мәселе шешіліп қалар деген үмітіміз бар. Жалпы, кейінгі жылдары салынып жатқан құрылыстардың қарқынына қарап қызығамын. Кеңес үкіметінің кезінде мұндай құрылыс болған емес. Өзім медицина саласының ардагері болғандықтан, өткен мен бүгінді саралап отырамын. Қазіргі ауруханалар мен емханаларға алынып жатқан заманауи құрал-жабдықтар, қуаттылығы күшті құрылғылар, зәулім ғимараттар бұрын-соңды болған емес. Осының барлығы тәуелсіздіктің арқасы екені белгілі. Бұрын өңіміз түгілі түсімізге кірмеген КТ, МРТ аппараттары қазір аудан орталықтарында бар. Бұл әрине, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттырады. Осы медициналық бекет те осындағы халықтың өтінішімен салынып берілді. Таза, жарық жерде ем-дом алғанға не жетсін, – дейді ауыл тұрғыны Арғынбай Асанбаев.

– Көптен бері осындай медициналық мекеме керек деп сұрап жүр едік. Қуанып қалдық. Бұрын қиын болды. Сексеуілге, облыс орталығына қатынайтынбыз. Қазір басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса үйдің жанынан бара қоямыз, – деп Ералы Байкенов ақсақал ауылдасының сөзін жалғады. 

Жоғарыда Қызылжар, Бөген ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысының салынып жатқанын айттық. Құрылыс жұмысымен танысу үшін Бөген ауылына ат басын тіредік.

Құрылыс биыл шілде айында басталған. Дәрігерлік амбулаторияға Бөген, Қарашалаң және Көктем ауылының тұрғындары, яғни,  2000-ға жуық халық қарайды. Ескі ғимарат 1980 жылдары балықшыларға арналған лазарет ретінде салынған. Ешқандай талапқа сай келмейтін ғимараттың бүгінде тозығы жеткен. Тұрғындар облыс әкіміне өтінішін жеткізген. Ауыл тұрғындары жаңа ғимарат құрылысын салуға тапсырма берген аймақ басшысына дән риза.

– Бұрынғы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 1980 жылдары салынған. Әбден тозығы жеткен болатын. Аймақ басшысы жұмыс сапарымен келген кезде жаңа ғимараттың қажеттігін айтып, өтініш білдірдік. Облыс әкімі өтінішімізді ескеріп, жаңа құрылыс салуға тапсырма берді. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Ел болып қуанып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Әділхан Әбдікәрімов ақсақал.

Құрылыс жұмыстарының бүгінде 65-70 пайызы аяқталған. Бас мердігер компания – «Аман-Құрылыс» ЖШС. 25 төсектік дәрігерлік амбулатория осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ендеше бөгендіктердің жаңа амбулатория игілігін көретін күні алыс емес.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<