Ауылға жеткен игіліктің жемісі көп аурухана құрылысы басталды

336

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарында алдымен «Төменарық» ауылдық округінде салынатын 15 орындық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа нысан құрылысының басталуымен  құттықтады.

– Адамның баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылған жұмыс ауқымды. Әлемдегі геосаяси ахуалдан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған Жолдауларында нақты талаптар қойды. «Сапалы медициналық қызмет азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан бәріне бірдей қолжетімді болуы керек» деп атап өтті.

Бүгінгі қолға алынған жұмыстардың барлығы да халық денсаулығын нығайту, аурудың алдын алу үшін жасалуда. Құрылысы басталған амбулаториясы бар аурухана осы мақсаттың орындалуына септігін тигізіп, аурушаңдықтың азаюына ықпал етеді деген сенімдеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бас мердігер «Астана сервис ЛТД» жаңа аурухананы биыл мамыр айында пайдалануға бермек. Жалпы ауданы 1072 шаршы метр нысан құрылысының құны 893 млн теңге.

Іс-шарада еңбек ардагері  Жақсылық Сапарбеков жерлестерін құттықтап, бата берді. Сондай-ақ «Төменарық» ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтың еңбегі еленіп, марапатталды.

Айта кетейік, өңірдің денсаулық сақтау саласына биыл 156 млрд 100 млн теңгеге жуық қаржы бағытталуда. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Өткен жылы 15-і ел игілігіне табысталды. Оның ішінде Жаңақорған ауданының «Қаратөбе» ауылында жаңа амбулатория ашылса, биыл «Бесарық» және Әбдіғаппар ауылдарында бой көтереді. Ұлттық жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді орталық ауруханаларға қосымша ғимараттар салынады.

Жақын күндері көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық халық игілігіне беріледі. Қызылорда қаласында 200 төсек-орынға арналған заманауи перинаталдық орталық құрылысы басталады. Жоба құны 30 млрд теңге. Мамыр айында «Қан орталығы»  қызметіне кіріседі. Мұнан бөлек, жергілікті бюджеттен Арал ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығының құрылысы басталады. Жалпы 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3 млрд 700 млн теңге қаралды. Облыстық психикалық денсаулық, өкпе аурулары орталықтары ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілмек.

Сыр өңірі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыста. Қор кейінгі екі жылда аймағымыздың білім мен медицина саласына 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен, өзге де қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер алынды. Қазір жылжымалы медициналық кешен  шалғай ауылдарда қызмет көрсетуде.

Облыс әкімі рәсімнен соң ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

ҮШ ЕЛДІ МЕКЕН ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Облыс әкімінің Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде үш елді мекенді табиғи газға қосу рәсімі болды.

Алдымен Нұрлыбек Машбекұлы «Шалқия» кентінде өткен рәсімде тұрғындарды құттықтады.

– Өңірді газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетті. Барлық аудан орталығы мен  Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы қалалары, 34 елді мекен табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етеміз. 2024 жылдың соңында облыстың газдандырылу деңгейі 78 пайызға жетеді.

Бүгін «Төменарық» ауылында аурухананың іргетасын қаладық. Бұған дейін аудандағы «Бірлік», «Қыраш», «Жайылма» ауылдарына газ жеткізілген еді. Бұл жолы «Шалқиядан» басқа «Кейден», Құттықожа ауылдары да газға қосылады. Осылайша биыл аудандағы 45 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың пайдасын көрмек. Ауылдарыңызға келген игілік жұртшылықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететініне сенемін, – деді аймақ басшысы.

Рәсімде еңбек ардагері Бахадүр Сұлтанахмет жерлестерін құттықтап, жиналған қауымға бата берді.

Іс-шарада аудан ардагерлері мен ауыл тұрғындары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мұнан бөлек, кеше ауданның Құттықожа, «Кейден» елді мекендеріне жүргізілген газ желісі іске қосылды. Облыс әкімі тұрғындарды құттықтап, ізгі тілек білдірді. «Кейден» ауылында  газға  қосылған үйді көріп, сыйлық табыстады.

Аймақ басшысы газ қосу рәсімінен соң мұнда да ауыл тұрғындарымен, кездесіп, ұсыныс-пікірлерге ден қойды. 

ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарында «МАИ бекеті» мөлтек ауданындағы 300 орындық мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа білім ордасының пайдалануға берілуімен құттықтап, Мемлекет  басшысының қолдауымен жүзеге асқан, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде өскелең ұрпақтың болашағы мен игілігі үшін атқарылған істердің ауқымы зор.

– Жыл басында өздеріңізбен кездесіп, жаңа мектепті табыстағанымызға қуаныштымыз. Білім саласының бюджетін биыл 291 млрд теңгемен бастадық. Бұл қаржы жыл соңына дейін тағы да артады. Салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп бой көтереді. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталды. Биыл тағы 11 мектептің іргетасы қаланады. Ұлттық жобамен Жаңақорған кентінде 600 орындық, «Жаңарық» ауылында 300 орындық мектеп салынуда. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен Байкенже ауылында 150 орындық мектеп құрылысы жүруде. Қызылорда қаласында құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқын алды. Жаңақорған және Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау үшін облыс орталығынан 10 млрд теңгенің «Шығармашылық академиясын» салу қолға алынады.

Биыл Жаңақорған ауданында ауқымды жұмыстар атқарылады. «Екпінді» ауылында 100 орындық ауылдық клуб құрылысы басталады. «Келінтөбеде» жаңа спорт кешені бой көтереді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға арналған 24 тұрғын үй табысталады. Өзге де жоспарларымыз бар.

Бүгін табысталған жаңа білім ошағынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты іс-шарада сала ардагері Ізәтіллә Нәрзілдаев жерлестерін құттықтап, бата берді.

Ашылу рәсімінде нысан құрылысын салған мердігер мекеме қызметкерлері мен басталған іске жанашырлығымен, елеулі еңбегімен үлес қосқан кент тұрғындары марапатталды.

Іс-шара соңында қонақтар мектеп ғимаратын аралап көрді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<