Азаттыққа бастаған батыл қадам

432

0

Республика күніне орай Н.Бекежанов атындағы драма театрында салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аймақ тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтап, игі тілегін арнады.

– 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл декларация – Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы болды. Ұлттық мәні бар бұл құжаттың Кеңес одағынан түпкілікті қол үзбеген сәтте қабылдануы азаттығымызға ұмтылған батыл қадам еді. Iс жүзiнде, осы актімен әлем картасына жаңа мемлекет – болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының негiзi салынды. Сол сәттен бастап Егемен Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады.

Жер, оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді. Ол кезде қазақ халқының республикадағы үлесі 40 пайыздай болғанын ескерсек, бейбіт жолмен қабылданған бұл құжаттың салмағы қандай қымбат екені айтпаса да түсінікті болары анық. Егемендік ұлттық сананы оятты. Ол «Отан», «өз елім, өз жерім», «бостандық», «тәуелсіздік» деген ұғымдардың маңына ұлтымызды біріктіре бастады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысы тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азамат үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Ұлттық мереке – Республика күніне Сыр өңірінің де зор жетістіктермен жеткенін баяндап берді.

– Аймағымызда кешеден бері бірқатар жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұған дейін айтқанымыздай, «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 млрд 430 млн теңге қаржы бөлінген еді. Соның аясында өткен айда 21 жаңа автобус алынса, кеше тағы жаңа 40 қоғамдық көлік табысталды. Ал, қараша айында қалған көліктер жеткізіледі. Айта кетуіміз керек, оқушыларды тасымалдау үшін мектептерге жаңа 30 автобус табысталатын болады.

Сонымен бірге, Жалағаш ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. Өңірде «Балалар жылында» демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарымызға тарту етілді. Туған жерге жанашыр меценаттардың қаржысымен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылды. Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылында құны 350 млн теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Теңізді өлке Арал ауданында «Балықшылар монументі мен аллеясы ашылуда. Жеке кәсіпкер қаржысына 300 орындық жаңа балабақша есігін айқара ашты. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға қайта салынуда. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылысы басталды. Келесі жылы ел игілігіне беріледі. Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Демеушілердің көмегімен 100 млн теңгеге қазіргі терминалға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әуежай алаңы жаңартылды. «ҚазГерМұнай» компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады. Жалпы, 5-6 айдың ішінде тек жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд теңгеге қолдау көрсетіп, ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыста шетелдік компаниялармен ынтымақтастық артуда. Жақында ғана түркиялық «Акса энерджи» компаниясымен бірге қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады. Ел ағаларымен бірлесе отырып, тамыз айында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайының», 3,7 млрд теңгеге «Өнер орталығының», сол жағалауда 2,7 млрд теңгеге «Қан орталығының» іргетасы қаланды. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен ауысымына 100 келушіге арналған емхана, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысын бастауға қаржы қаралды. Тағы бір атап өтер жетістік – 9 қазаннан бастап шыны зауытында өнім шығарыла бастады.

Аймақ басшысы ұлттық мереке қарсаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар Президент Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталғанын да атап өтті.

– Ақордада белгілі кәсіпкер, меценат, жерлесіміз Марат Дүйсенбаев «Парасат» орденімен, мұғалім Балтабай Жамешов «Ерен еңбегі үшін», үш жастағы баланы құтқарған жерлесіміз Сәбит Шонтақбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сыр өңірінің белгілі кәсіпкер-меценаттары Мұрат Үдербаев пен Марат Дүйсенбаев еліміздің, аймағымыздың дамуына қосқан ерекше азаматтық үлесі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырған болатын. Осындай жомарт та іскер азаматтардың игі істері жерлес кәсіпкерлерімізге де үлгі болады деп сенеміз! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада облыс әкімі бірқатар мемлекеттік наградалар табыстады. Атап айтсақ, аймағымызда тұңғыш рет І дәрежелі «Барыс» ордені кәсіпкер, меценат, «Автомобиль жол басқармасы» ЖШС директоры Мұрат Үдербаевқа табысталды. Бұдан бөлек, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азамат Президент Жарлығымен «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, жырау Алмасбек Алматовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы табысталды.

республика күніне арналған іс-шара Сыр жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекелік гала-концертпен қорытындыланды.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<