Аудан жаңалықтары

8

0

Ауызсу желілері жаңғыртылуда

«Қаланың орталық бөлігінде су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы аясында 47 шақырымнан астам құбырды жаңғыртуға тиісті қаражат бөлінді. Бас мердігер – «Бақ-Береке 2030» серіктестігі. 

Қала әкімі Нұржан Ахатов жұмыс барысын бақылап, мердігер компанияға жаңғырту кезінде асфальт жабындысын бұзбай, құрылыс стандарттарын сақтау қажеттігін қатаң ескертті.  Сондай-ақ жобаны сапалы және мерзімінде аяқтауды тапсырды.

«Арал сақшысы» чат-боты іске қосылды

Аудандық прокуратураның бастамасымен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Арал сақшысы» чат-боты әзірленіп, іске қосылды.

Жоба Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейді және азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы жедел байланысты нығайтуға бағытталған.

Санитарлық талап сақталуы тиіс

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге Әйтеке би кентіндегі «Орын-ай», «Болашақ», «Арзан»  орталық базарларын, сауда орындарын және Әйтеке би көшесінің бойындағы кәсіпкерлік нысандарды аралады.

Аудан басшысы базар әкімшіліктеріне сауда орындарының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, ішкі-сыртқы аумақтарын абаттандыру, барлық талапқа сәйкестігін сақтау қажеттігін айтып, сатушылар мен келушілерге қолайлы жағдай жасалуы тиіс екендігін ескертті.

Тазалық жұмыстары

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында  аудан басшысының тапсырмасымен санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.

Кезекті сенбілікте аудан орталығы мен ауылдық округтерде ауқымды жұмыстар атқарылды. Көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, арықтар тазартылды. Бейберекет өскен арамшөптер жойылып, ағаштар әктеліп, абаттандыру шаралары жүргізілді.

Нақты тапсырмалар берілді

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен  өткен жиында дала өртінің алдын алу, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру, санитарлық тазалық жұмыстары және берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берілді.

КТ аппараты келді

Ауданда денсаулық сақтау саласын дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Жақында ғана ауруханаға «PHILIPS» маркалы компьютерлік-томографиялық аппарат жеткізіліп, бүгінде науқастардың диагнозын анықтауда септігін тигізуде.

Қазіргі кезде аппаратпен қызмет көрсететін мамандарды арнайы оқыту және біліктілігін арттыру курстарынан өткізу жоспарлануда.

Өнерпаз әжелер

Түркістан қаласында өткен «Түркістан таланттарды шақырады» атты республикалық байқауда Шиелі ауданы Бидайкөл ауылының «Ақ тілекті» әжелер ансамблі өнер көрсетіп, жүлделі І орынды иеленді.

Ұлттық өнерді дәріптеп, дәстүрлі ән мен өнегені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан әжелеріміз байқау сахнасында өз шеберліктерін паш етіп, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Көрермен көңілін тербеген кеш

М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, термеші Бибіажар Маханбетқызының «Қызыма» атты мерейтойлық шығармашылық кеші өтті.

Кеште аудан әкімі Мажит Самитов әншіні мерейтойымен құттықтап, ауданның Құрмет грамотасын табыстады. Қазақы дәстүрге сай өнер иесінің иығына қамзол жауып, құрмет көрсетті.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»