Азия чемпионы атанды

608

0

Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті Президент қолдауымен 2020 жылы ашылып, «Туризм», «Денешынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша маман дайындайды. Университет шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатып, халықаралық білім кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырып келеді. Мұнда ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен ҚР спорт шеберлері білім алып, Әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз атануда.

Жақында «Денешынықтыру және спорт» мамандығының 3-курс студенті Алена Гладкова Моңғолияның Улан-Батор қаласында пауэрлифтингтен (жатып көтеру жаттығуы бойынша) өткен Азия чемпионатында 52 келі салмақ дәрежесінде 1-орын иеленіп, абсолютті чемпион атанды. Алена осы жарысқа дейін Алматы қаласында 40-тан астам елдің үздік спортшыларының қатысуымен өткен Әлем чемпионатында 1-орынды жеңіп алған болатын. Оның әлемдік деңгейдегі бұл жетістіктері еліміздің пауэрлифтинг спортының дамуына үлкен үлес қосатынына сеніміміз мол. Студентімізді тұғырлы жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта өтетін байрақты бәсекелерде биікке көтеріле беруіне тілектестік білдіреміз.

2022 жылдан бастап университетте «Спорттық-сауықтыру фитнесі» мамандығы ашылды. Бұл мамандықта 64 студент білім алады. Оның 60-ы – грант иегерлері. Еліміздегі спорттық фитнес саласы бойынша  жаңадан ашылған бірегей мамандықтың  әр  өңірдегі заманауи спорт кешендері мен фитнес клубтарын, тренажер залдарын білікті мамандармен қамтамасыз етуде алатын орны ерекше болмақ. Талапкерлерді Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бөлінетін жыл сайынғы 800 білім грантының иегері болуға шақырамыз.

Жандос ЕСІРКЕПОВ,

Халықаралық туризм және меймандостық

университетінің қауымдастырылған профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<