Азық-түлік бағасы бақылауда

450

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауар­лары бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған шаралар бойынша кездесу өтті.

Жиында облыс әкімінің орын­басары Бахыт Жаханов пен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы АҚ басқарма төр­ағасы Ерлан Нұрланбаев атқа­рылған шаралар туралы баяндады.

1 қыркүйектегі жедел статис­тикалық ақпараттарға сәйкес, об­лыс­та әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 103,5%-ті құрады. Респуб­лика бойынша бұл көрсеткіш – 104,6%.

Жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауары арасынан 12 өнімге баға жоғарыласа, 5 өнім бағасы тө­мен­деген, ал 2 өнім бағасы бір­қалыпты сақталуда. Бүгінге дейін тұрақтандыру қорына 4130,4 тонна өнім сатып алынды.

Қазір қордағы 2325,5 тонна өнім Қызылорда қаласында орналасқан 29 әлеу­меттік дүкен мен 1 әлеуметтік мар­кетте және қала аумағында орна­ласқан «Мирас», «Аль-Асад», «Анвар», «Ажар», «Қызылорда Оптомаркет» және «Ақниет» ірі сауда орындарында тұтынушыларға ұсынылуда.

Сонымен қатар, әлеуметтік дү­кендердің желісін кеңейту мақ­сатында облыс орталығында 5 дүкеннің құрылысы жүргізілуде. Күз айларында тұрақтандыру қо­рын толықтыруға 1000 тонна картоп, 500 тонна бас пияз, 200 тонна сәбіз және 35 тонна қырыққабат, сон­дай-ақ, 68 тонна қарақұмық жар­масын сатып алу жоспарлануда.

Соңғы уақытта облыста қа­рақұмық жармасының бағасы тұ­рақсыз болып тұр. Бекітілген 269 теңге шекті баға 15%-тен артып кетуіне орай комиссия қарақұмық жармасына 313 теңге мөлшерде баға бекіту жөнінде облыс әкімдігінің қаулысы қа­был­данды. Ал ет өнімдерін тұ­рақтандыру мақсатында «KZO Ет» шаруа қожалығы қаланың 6 ау­ма­ғында орналасқан жеке сауда орындарында сиыр етінің ке­лісін 1600 теңгеден сатуда. Бұдан бөлек, осы төмен бағадағы әрі сапалы ет өнімдерін қаладағы «Қызылорда», «Анвар» ірі сауда үйлерінде сатылымға шығару ұйымдастырылды.

Кездесу соңында облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын бақылауда ұстауды және кәсіпкерлер тарапынан негізсіз өсірген жағдайда шара қабыл­дауды тапсырды. Сондай-ақ, дәстүрлі күзгі жәрмеңкелер ұйым­дастыру тура­лы тапсырма берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<