Қазалыда түсіндірме жұмыстары жалғасуда

4

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – вирус қоздырғышынан туындайтын, адам өміріне аса қауіпті жұқпалы ауру.

Аталған аурудың алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында аудан көлемінде түсіндірме жұмыстары жалғасуда.

Осыған орай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов, аудандық ветеринариялық станциясының директоры Болат Әміреев, Қазалы аудандық аумақтық инспекциясының мамандары, «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінің «Бактериологиялық және паразитологиялық зерттеу» зертханасының зертханашысы И.Қонысбаева, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және ауылдық округ әкімдері Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ғ.Мұратбаев, Сарыкөл және Көларық ауылдық округтерінде болып, мал бордақылаумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында тұрғындарға қоражайларды таза ұстау, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын сақтау және қоражайларды уақытылы кенеге қарсы залалсыздандырудың маңыздылығы түсіндірілді.

Сонымен қатар, «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесі тарапынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану шаралары жөнінде арнайы үнпарақтар таратылды.

Кенеден қорғану шараларын елемеу ауыр зардаптарға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет.