Бабалар жолы баянды

412

0

Қызылорда қаласында өткен «Исламдағы сопылық ілімі: мәні мен маңызы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады. ҚМДБ Төрағасының баяндамасы сопылық ілімінің түпкі мағынасына арналды.

Іс-шара қасиетті Құран оқумен басталып, кейін Діни басқарманың атқарған жұмысын көрсеткен бейнесюжет тарту етілді. Айтулы конференцияға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және Шәмшәдин Керім, Досай Кенжетай сынды ғалымдар қатысып, тұшымды ойларын ортаға салды. Ең алдымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сопылық ілімінің сырына тоқталып, мәнін ашса, конференцияда баяндама жасаған ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Шәмшәдин Керім ишандық мектептің тарихы, кеңестік кезеңдегі мектептің жоғалуына тоқталды. Сонымен қатар Талғат Жолдасұлы кеңестік кезеңдегі сопылық, Батыржан Мансұров «Сопылық – тәрбие мектебі», Досай Кенжетай Ясауи ілімін айтса, Бағдат Кәрібозов сопылық мектепті жаңғырту тақырыбында тың деректерімен бөлісті.

– Конференциямыздың мақсаты – бабалар ұстанған рухани жолды жалғау, оның ішінде сопылық ілімінің маңызын жеткізу. Өйткені сопылық ілімі – рухани жол, тәрбие мектебі. Сондай-ақ сопылық, яғни ихсан ілімі Ислам дінінің үш негізінің бірі. Кейбір дінді таяз түсінгендер сопылықты «дүниеден безу, шынайы қоғамнан алшақтау, адамзат дамуының тежегіші» деп санады. Әрине, бұл теріс пікір. Негізінде сопылық ілімін – Ислам дінінің шынайы мәні, мәйегі һәм рухы деп айтсақ болады.

Хакім Абай сопылық туралы: «Бұл жол бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген кісі ғана істің кәмәләтына жетпек дейді. Ал қазақтың ақыны Әбубәкір Кердері бабамыз: «Сопылық жол – ауыр жол, ұстансаң оны – тәуір жол. Сопылықты ұстансаң, оқыған көп ғалым бол!» деген екен. Бұдан шығар қорытынды – бабаларымыз осы сопылық жолдан алыс болмаған дей келе, сопылық бізді көркем мінезді болуға, рухани тәрбиесі толысқан адам ретінде тәрбиелейді, – деді Наурызбай қажы.

Ардақты пайғамбар «Мен үшін сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің» деді. Қажының айтуынша, сопылық жолды ұстана отырып, біз өзімізді көркем мінезге жетелейміз, ал көркем мінез иелері қияметте таразысы ауыр тартатын бақытты жандар екен.

– Ислам дегеніміз – құлшылық, Иман дегеніміз – кәміл сенім, ал Ихсан дегеніміз – адам баласының өзін-өзі бақылауда ұстап, рухани кемелдікке жетуі. Осы үш жол біздерді туралыққа бағыттайды. Сопылықтың негізі – Алла Тағалаға деген құлшылықты кемеліне жеткізу, бар өмірін Алланың ризалығына ғана арнау. Міне, сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларды ең алдымен жүректі түзеуге шақырды, – деді Бас мүфти баяндамасында.

Айта кетейік, Сыр жұртшылығының алдында «Muftiyat» баспасынан жарық көрген «Сопылық сыры» кітабының таныстырылымы да өтті. Бас мүфти жаңа кітаптың мазмұнына тоқталып, тарауларын таныстырды.

– Жаңа кітап оқырманның дүниетанымын байытып қана қоймай, түйсігін жақсылыққа өзгертіп, тұлабойына тәрбиенің алтын дәнін егеді деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде қолыңызға тиген бұл еңбек сіз бен біздің жандүниемізге үлкен рухани азық болады.

Бұл еңбекте құлшылықтағы ықылас мәселесіне баса назар аударылған. Өйткені, құлшылықтың қабыл болуында шынайы ықыластың орны айрықша. Ғұламалар қырық күн шынайы ықыласпен құлшылық еткен адамға даналық нығметі берілетінін айтқан. Шынайы ықылас риядан сақтайды.

Қорыта айтқанда, қолыңыздағы кітап иманды күшейтуге әсер етіп, құлшылыққа бағыттайды деген сенімдемін. Сондықтан ықыласпен оқуға кеңес беремін, – деді ол.

Діни басқарманың сараптама бөлімінен оң қорытынды алған кітап жуық арада қалың оқырманға жол тартады. Құнды еңбектің таныстырылым рәсіміне ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов және аудан, қала имамдары қатысты.

Айдар САЙЛАУОВ,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<