Баға бақылауда, шығын көлемі есептелуде

360

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар жанар-жағармай құю бекеттерін, бүлінген маңызды нысандарды, ірі сауда орындары мен тұрақтандыру қорының қоймасын аралап, қазіргі жағдайдың жай-жапсарын назарға алды.

Биыл 1,3 млрд теңге қарастырылған

Аймақ басшысы қаладағы ірі сауда нысандары мен май құю бекеттерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тексерді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің нәтижесінде қазіргі таңда облыста сұйытылған газ бағасы литріне 60-65 теңгеден, АИ-92 маркалы бензин орташа 180 теңгеден, дизель отыны 229 теңгеден саудалануда. Өңірде қажетті жанар-жағармайдан тапшылық жоқ.

Облыс әкімі «Sinooil» және «Qazaq Oil» жанар-жағармай бекеттеріне барып, жауапты сала басшыларына бензин және дизель отынының құны бекітілген шекті бағасынан аспау керектігін айтты. Сондай-ақ, тапшылықты туындатпау үшін нақты қадамдарды алдын ала әзірлеу және отын қорының жеткілікті болуын тұрақты қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімі «Small» және «Magnum Cash&Carry» сауда үйлеріндегі азық-түлік қоры мен күнделікті маңызы бар өнімдердің бағасымен танысты. Әсіресе, көкөніс өнімдері мен ұнды бекітілген шекті бағадан асырмауды міндеттеді және бірқатар ескертулер берді.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын мемлекеттік реттеуде облыста жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тұрақтандыру қоры толықтырылуда. Биылдың өзіне 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр.

Аймақ басшысы облыс орталығындағы тұрақтандыру қоры қоймасының жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда өңірде азық-түлік қорында тапшылық жоқ. 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Тұрақтандыру қорының қоймасында 1,5 мыңға жуық тонна өнім сақталып, төмен бағада сатылуда.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен азық-түлік қорының жеткілікті болуы күнделікті бақылауда.

– Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Ең бастысы, бағасы килограмына 130 теңгені құрайтын ұнның 440 тоннасы резервте тұр. Одан басқа айналым схемасы бойынша кәсіпкерлермен келісімге сәйкес, 7 мың тонна ұн әкелінетін болады. 100 тоннадан қарақұмық, күріш, макарон өнімдері мен көкөністер сақтаулы. Көрші Түркістан облысымен келісім бар, жетіспейтін азық-түлік бойынша 122 кәсіпкердің тізімі жасақталды, – деді облыс әкімі.

Мұнан бөлек, облыста алдын ала жинақталған мәлімет бойынша басқа да кәсіпкерлік субъектілерінің сауда үйлері мен азық-түлік қоймаларында 115,3 мың тонна өнім қоры бар.

Әлеуметтік маңызды тауарлармен қамтамасыз етудің жай-күйін електен өткізген облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.

Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сондай-ақ террорлық акті салдарынан зақымданған әкімшілік ғимараттарды аралап, нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын көрді.

Аймақ басшысы алдымен «Nur Otan» партиясының Қызылорда қалалық филиалы ғимаратында болды. Террорлық шабуыл салдарынан нысанның 20 проценті бүлінген. Терезелері мен есіктері сынып, офистік техникаларына зақым келді. Қазір нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Мұнан соң облыс басшысы Қызылорда қаласы әкімдігіне барды. Бұл нысанның да есік-терезелері сынған. 7 қаңтардан бері әкімдік қалыпты жұмыс режиміне көшкен.

Террористер орталық алаңдағы әкімшілік нысандарға айтарлықтай залал келтірген. Облыс әкімі «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында террорлық әрекет салдарын жою бойынша жасалып жатқан жұмыстарды көрді. Нысанның 45 проценті өртке оранып, мүлкіне залал келген. Қазіргі таңда шығын көлемі есептелуде.

Ал, террористік әрекет салдарынан облыстық сот ғимаратының 460-қа жуық құрал-жабдығы мен 300-ден астам офистік техникасы жарамсыз күйге түскен. Қазір ғимаратты тазалау мен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.

Облыс басшысы шығын көлемі нақты дәлелді есептемелермен, құжаттармен расталуы керектігін ескертті.

– Төтенше жағдайдан залал келген ғимараттарға Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Ал оған дейін біз дайындық жұмыстарын жүргізіп, келтірілген шығын көлемін нақтылап жатырмыз. Қажетті сома бөлінген соң, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Жалпы 8 әкімшілік ғимараттың шығын көлемі 6 млрд теңге көлемінде есептелді.

Аймақтағы бизнес өкілдерінің шығындарын өтеу жөнінде мемлекет міндеттеме алды. Террорлық әрекет салдарынан облыста 15 кәсіпкерлік субъектісіне зиян келіп, оның көлемі шамамен 395 миллион теңгеден асты. Бірақ басты принцип – шынайылық болу керек. Шығын көлемі нақты құжаттармен рәсімделуі тиіс, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мұнан соң, аймақ басшысы қалалық полиция басқармасының ғимаратында болып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Айта кетейік, террорлардың шабуылы облыс әкімдігінің ғимаратында да орын алды. Басбұзарлар әкімдік ғимаратында есік-терезелерді сындыру, офистік техникаларды ұрлау, қызметтік автокөліктерді өртеу әрекеттеріне дейін барған. Жалпы 1-3 қабаттағы кабинеттерге зақым келген.

«СБ» ақпарат