Бағзыдан жеткен аманат

1049

0

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Қазалы ауданында жыршы-термешілер байқауы өтті. Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен байқауда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді.

– Халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан асыл өнері жыр-терменің қазақ халқының жүрегінен алар орны ерекше.  Бағзыдан үзілмей жеткен бабалар аманатының бүгін  де жұртшылықтың жүрегінің төрінен орын алатыны сөзсіз.

«Сыр елі – жыр елі» демекші, сөздің қасиетін, өнегенің өсиетін біздің өңірдегі азаматтарымыз да терең сезінетіні сөзсіз. Бүгінгі айтулы іс-шарамыз да ұлтымыздың тіліне, оның құндылықтарына және ұлт ұстазы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып отыр.

Бұл айтулы күннің, біздің өмірімізден алар орны ерекше. Мұның өскелең буынға сабақ болып, ұлағатты сөз, тәлімді жыр, рухани әлеуетімізді көтереріне сенім зор, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң қазақ тілінің өрісін кеңейтуге атсалысып жүрген жандарды облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Сондай-ақ Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің директоры Батырбек Тәңірбергеновке «Қазақ тілі», Қазалы ауданы Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің мұғалімі Сандуғаш Бисембаеваға «Абай аманаты» төсбелгісін табыстады.

«Текті сөздің төресі – терме» атты байқауға 16-40 жас аралығындағы жыршы-термешілер қатысты. Байқаудың бірінші кезеңінде жыршылар республикаға танымал шайырлардың мемлекеттік тілге байланысты жыр-термелерін орындаса, екінші кезеңде Нұртуған жырау, Қарасақал Ерімбет, Байназар Өтеп, Ержан жырау, Жәмет жырау, Мысабай жырау, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Едіге Кішкенеев, Әмитжан Бөріқұлақов, Сардарбек Қожағұловтың термелерін жырлады.

Өнерпаздардың арасынан оқ бойы оза шапқан №266 мектеп-лицейдің оқушысы Елмұра Сабырова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынға аудандық мәдениет орталығының термешісі Жанболат Өмірзақ лайық деп танылды. Мәдениет орталығы жанындағы «Жыраулар» бөлімшесінің музыка жетекшісі Жәнібек Құтмаханов пен Жалаңтөс батыр ауылынан келген Мағжан Оңғаров екінші, кәукейлік Кәмшат Көбекова, №70 мектептен қатысқан Ержігіт Пралиев және Майдакөл ауылынан келген Бахтияр Асанов үшінші орынды өзара бөлісті.

Бұл күні мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында «Өлең – сөздің патшасы» атты аудандық ақындар мүшәйрасы да өткізілді.

Нәтижесінде бас жүлде Кәукей ауылдық клубының сүйемелдеушісі Ақжол Сұлтановқа бұйырды. №204 мектептің мұғалімі Ажар Есенова бірінші, басықаралық Гүлнұр Ұлықбан екінші орын иеленді. Пазылбек Арыстанов пен Әділет Ізбасар үшінші орын алды. Қалған қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<