Бала саулығы алдындағы жауапкершілік үлкен

769

0

Сәрсенбі күні облыс әкімінің бастамасымен «Отбасы – тәрбие бесігі» тақырыбында кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Келелі жиында жұрттың көкейінде жүрген көптеген мәселенің теңі ағытылды десек, қателеспейтін шығармыз. Олай дейтініміз, бала тәрбиесі туралы айтқанда, мәселенің төркінін мектептен іздейтініміз рас.

Ал баланың толыққанды саналы адам болып қалыптасуында оның білімі, денсаулығы және отбасының әлеуметтік жағдайы бірі-бірімен тығыз байланысты екенін көбіміз ескере бермейміз. Білсек те тереңіне бойламай, мәселеге біржақты қараймыз. Айталық, баладан мінсіз тәрбие, сапалы білімді талап етеміз. Алайда денсаулығы жоқ баланың оқуға, ізденуге, білім алуға құлқы бола ма? Сол сияқты, ішер асы, киер киімі сай болмаса, яғни, қатарынан қалыс қалса, ол да баланың көңіл-күйіне кері әсер етпей ме? Осы жағын да ойлағанымыз жөн сияқты…

Бүгінгі біздің әңгімеміз баланың денсаулығы жайында болмақ. Бұл ретте алыстан орағытпай, айқын деректерге сүйене отырып, мәселенің жай-жапсарын зерделеуге тырыстық. Жоғарыда аталған жиында арнайы хабарлама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Мырзанованың айтуынша,  жалпы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайына қатысты алаңдатарлық жайлар аз емес. Мысалы, өткен жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтау орталығы «Дені сау ұлт» жобасын іске асыру шеңберінде  оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты зерттеу жүргізген. Осы зерттеудің нәтижесінде, жасөспірімдердің 17 пайызға жуығында психикалық  денсаулығының нашарлығы немесе депрессияның мүмкін белгілері анықталған.

– ҚР ДСМ бас психиатры суицид – бүкіл қоғамның психикалық денсаулығы мәселелерінің көрсеткіші деп есептейді. Демек, балаларда көптеген қауіп факторлары бар. Себебі суицид жағдайларының 90 пайызында  депрессия немесе депрессивті бұзылыстар орын алған, яғни, балаға психологтың көмегі қажет болған. Бұған байланысты мамандар шұғыл шешім қабылдап, жасөспірімдерге психологиялық көмек қажет екені туралы ұсыныс берген.  Алайда өкініштісі сол, ата-аналар көп жағдайда ұсынысты қабылдаудан бас тартады. Бұл біз үшін қиындық туындатады, – дейді дәрігер.

Маман пікіріне жүгінсек, алдын ала зерттеулерде айқындалғандай, денсаулық негізгі 3 фактордан тұрады: физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқат. Ал суицид – осы үш фактордың ауытқуының салдары. Сондықтан суицидтің алдын алуда жасөспірімдер мен балаларды психикалық денсаулығы туралы дер кезінде хабардар ету, мұғалімдерді, дәрігерлер мен психологтарды оқыту және сауалнама арқылы тәуекел топтарын анықтау секілді жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылады. Нәтижесінде нақты деректер айқындалады.

«Тәуекел тобына» кімдер жатады?

Облыс бойынша өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 27 пайыз төмендеген, алайда суицидке ұмтылыс жағдайлары 2,5 есеге жоғарылағаны белгілі болып отыр. Осы тұста көңілді алаңдатарлық мәселе, суицидке қатысты оқиғалардың 87 пайызы ауылдық жерде орын алған. Мысалы, Шиелі ауданында 4, Арал, Сырдария, Жаңақорған аудандарында және қалада бір-бір деректен тіркелген.

Облыс бойынша былтыр «Тәуекел тобына» алынған барлық жасөспірімдер тәжірибелі дәрігерлерге қаралып, нәтижесінде соматикалық аурулар анықталған. Оның 61 пайызына көз аурулары, 37 пайызына асқазан-ішек аурулары, 2 пайызына тыныс алу, қуық ауруларына қатысты диагноз қойылған. Барлығына ем тағайындалып, сауықтыру шаралары жүргізілген. Сонымен қатар, осы «Тәуекел тобындағы» жасөспірімдердің 14,3 пайызына дәрігер-психиатр емі тағайындалған. Дегенмен бұл жағдайда да ата-аналар тарапынан антидепрессанттарды қолданудан бас тарту деректері жиі кездесіп отыр. Дәрігердің сөзінше, тағайындалған препараттар емханада тегін рецепт арқылы босатылады және қосымша әсерлері жоқ. Сондықтан ата-ана баласына көбірек көңіл бөліп, олардың жан дүниесін түсінуді кезек күттірмейтін мәселе деп қабылдауы қажет.

– Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік – қоғамдағы медициналық, психологиялық және әлеуметтік мәселе. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі жүктілік ерте жүктілік болып саналады, бұл жағдай 15-17 жас аралығында жиі кездеседі. Ерте жүктіліктің алдын алуда ата-ана, мұғалім, медицина қызметкерінің атқаратын рөлі зор. Сол себепті, репродуктивтік денсаулықты түсіндіру негізінде жасөспірімдер мен ата-аналар арасында арнайы тәрбие сағаттарын енгізуді ұсынамын, – дейді дәрігер.

«Жастар денсаулығы орталығы» қандай қызмет атқарады?

Өңірде жасөспірімдер мен жастарға психологиялық, медициналық және әлеуметтік бағытта көмек көрсететін облыстық «Жастар денсаулығы орталығы» бар. Орталықтың басым бағытының бірі – репродуктивті денсаулықты қорғау. Бұл орайда жастарға медициналық кеңес және психологиялық-әлеуметтік көмек беру қызметтері қарастырылған.

Жыл көлемінде репродуктивті денсаулықты арттыру, отбасын жоспарлау бойынша «Ерте жастағы жүктіліктің алдын алу», «Жасанды түсіктің алдын алу», «Жыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алу» тақырыптары төңірегінде жергілікті емхана мамандарының қатысуымен облыстағы 17 арнаулы білім беру орнының студенттері арасында салааралық 15 кездесу, 62 семинар-тренинг ұйымдастырылып, оған 5 мыңға жуық адам қамтылған. Бұдан бөлек, орталық базасындағы симуляциялық кабинетте жастар мен жасөспірімдерге дұрыс тамақтану және дене белсенділігінің пайдасы, отбасын жоспарлаудың маңызы, қалаусыз жүктіліктің алдын алу бағытында кездесулер ұйымдастырылған. Сондай-ақ, арнайы бірлескен жоспарға сәйкес денсаулық сақтау, білім басқармасы, полиция департаменті, прокуратура өкілдерінің қатысуымен 46 орта білім беру ұйымында, 26 колледжде ерте жүктіліктің алдын алу, зорлық-зомбылық және суицидтің алдын алу мәселелері бойынша іс-шаралар өткізілген. Осы аталған жұмыстар әлеуметтік желілер арқылы да тұрақты насихатталған. Айта кетейік, «Жастар денсаулығы орталығында» тәулік бойы кез-келген абоненттен тегін қоңырау қабылдайтын Жедел желі 8 800 080 22 26 сенім телефоны жұмыс жасайды. Өткен жылы мұнда 3057 қоңырау қабылданып, көмекке жүгінгендерге тиісті кеңес берілген екен.

Жоғарыда келтірілген деректер және оған байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға қарасақ, жасөспірімдердің денсаулығы ата-анадан гөрі, қоғамды көбірек алаңдататын сияқты. Неге? Бәлкім, ар жағында әлеуметтік түйткілді мәселелер жатқан шығар? Атап айтқанда, отбасының әлеуметтік статусы қандай? Оларға қай деңгейде қолдау қажет? Ол – өз алдына басы ашық тақырып. Расында, мамандардың пікіріне сүйенсек, жоғарыда айтылғандай, жасөспірімге қатысты келеңсіз жағдайлардың басым көпшілігі әлеуметтік аз қамтылған немесе толық емес отбасыларда кездеседі екен.

Дұрыс тамақтанбау дертке душар етеді

Ұлт денсаулығын сақтау – қашанда әлеуметтік маңызы зор мәселе. Деннің саулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталатынын білсек те, күнделікті өмірде бұған аса мән бермейтініміз рас. Қазір әлемді алаңдатып отырған мәселенің бірі – халықтың фастфуд өнімдері мен энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынуы.

Дәрігердің сөзіне ден қойсақ, бұл тағамдардың адам ағзасына тигізетін кері әсері – калорияның көп болуы, сондай-ақ, кальций, темір секілді ағзаға қажетті ең маңызды элементтерді жоюы. Бұл тағамдарды тұрақты түрде пайдалану гипертония ауруына шалдықтырып, иммунитеттің төмендеуін және созылмалы аурулардың асқынуын тудырады. Әсіресе, балаларды семіздікке, қант диабетіне душар етіп, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін.

– Ұлттық зерттеу нәтижесінде, жасөспірімдердің 14 пайызы күн сайын «Кока кола» мен құрамында қанты бар сусындарды ішетіні анықталған. Ал аптасына 1 реттен 5-6 ретке дейін қантты сусындар тұтынатын балалардың үлесі 52 пайызды құрайды. Осыған байланысты облыстағы мектеп асханаларында аталған тағамдарды сатуға тыйым салынған. Финляндия мемлекетінің тәжірибесіне сүйене отырып, мектеп жанындағы шағын маркеттерде де сатуға шектеу қоюды ұсынамын, – дейді ол.

«Алақандағы әлем» немесе ақыл-ойдың шектелуі

Ендігі мәселе өміріміздің бір бөлшегі болып кеткен гаджеттердің денсаулыққа тигізетін зияны туралы болмақ. Педагогтер мен психологтар гаджеттер баланың психикасын өзертіп, ой-санасының дамуын бәсеңдетеді деп дабыл қағуда. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының зерттеуі нәтижесінде елімізде әлеуметтік желіні 2 сағаттан көп қолданатын жасөспірімдердің үлесі 50 пайыздан асқаны анықталған.

Денсаулық сақтау саласы мамандары смартфонды ұзақ уақыт қолданған балада тәуелділік пайда болатынын алға тартады. Сонымен қатар, гаджет пайдалану кезінде баланың моторикасы мен сөйлеу дағдысы бұзылады. Ұзақ уақыт бойы бір қалыпта отыра беру қан айналымының дұрыс жүрмеуіне, одан әрі ми жұмысының нашарлауына әкеп соғады. Әсіресе, баланың есте сақтау қабілетіне кері әсер етіп, дамуын тежейді.

Смартфонды тұрақты пайдалану кесірінен ұйқы бұзылып, иммунитет төмендейді. Бала ағзасының физикалық дамуына да кері әсер етеді. Көздің көруі нашарлайды. Мысалы, бала телефонға жарты сағаттан көп байланып отыратын болса, 6 айдан кейін-ақ, көзінің көруі төмендей береді екен. Өйткені ұялы телефонның зиянды сәулелері баланың көзіне айтарлықтай ауырлық түсіреді.

Тағы бір алаңдатарлық жайт, баланың дене мүсіні бұзылады. Компьютерде, гаджетте көп отыратын балалар бүкірейіп, омыртқасы қисайып, сколиоз болуы мүмкін. Сол себепті, ата-аналар баланың гаджеттерді шамадан тыс пайдалануына жол бермеуі керек .

Жалпы баланың дені сау, білімді де саналы адам болып қалыптасуына дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі, зиянды әдеттер, жыныстық мінез-құлық сияқты қауіпті факторлар кері әсерін тигізеді. Сондықтан ата-ана осы аталған жағдайлардың алдын алып, баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылыққа, спортқа немесе қарапайым еңбекке  баулуға көңіл бөлгені жөн. Егер әрбір бала жастайынан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға дағдыланса, оның саламатты адам, сауатты маман болып қалыптасары сөзсіз.

Сөзімізді қорытындылай келе, тәрбие талбесіктен, яғни, отбасынан бастау алатынын тағы бір айтып өткенді жөн көрдік. Шындығында, балапандай мәпелеп өсірген перзентіміз күндердің күнінде қанаттанып, қияға құлаш сермейді. Сонда ол «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ұмытпайық, ағайын.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<