Балалық шаққа саяхат

2609

0

Қалалық мәдениет және спорт бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Халықаралық балалар кітабы күнінде жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай«Балалық шаққа саяхат» атты байқау өткізді.

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен байқауға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ менеджері А.Сұлтангереева, «Қоғам ТВ» бас редакторы Б.Құлтанова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы А.Саймбетова қазылық жасады.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Ж.Тәжмаханов қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Адамның көп ғасырлық ақыл-ойының жемісі – кітап. Бүгінгі шара балалар кітабының Халықаралық күніне орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақтың көрнекті жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған. Жазушының оқырмандары, балаларды да осы атаулы күнмен құттықтай отырып, қатысушыларға сәттілік тілегім келеді. Өнерлеріңіз өрге жүзсін! – деді ол.

Айта кетейік, балаларға арналған байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. «Менің балалық шағым» деп аталатын бірінші кезеңде жас оқырмандардан құралған топтар жазушы шығармасынан сахналық көрініс ұсынып, артистік шеберлігі, диалогтарды жеткізе білуімен сыналды. Ал екінші кезең сұрақ-жауап түрінде өткізілді.   Бұл кезеңде қатысушылар жазушының шығармаларынан оқылған үзінді бойынша кейіпкерді немесе шығарма атауын тауып жарысты. Оқушылар «Шал мен бала», «Жолаушы, сиыр, ақылды күшік», «Балапан торғай», «Менің атым – Қожа» сынды туындылар бойынша сахналық қойылым көрсетті.

Әділқазылардың шешімі бойынша №215 Талдыарал орта мектебі   бас жүлдеге лайық деп танылса, А.Хангелдин атындағы №179 Қарауылтөбе мектебі  І орынды иемденді. Ал №128 Қызылөзек орта мектебі ІІ орын алса, №138 Абай орта мектебі мен С.Әлжіков атындағы  №144 Қызылжарма мектебі ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздарға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның атынан арнайы сыйлық таратылып, марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<