Баланың бесігі – кең дүниенің есігі

1853

0

Бесік – атадан балаға жалғасып келе жатқан киелі мүлік. Жаңа ғасырда баланы ұйықтатуға жиналмалы бесік, электронды бесік, қозғалмалы манеж қолданысқа енді. Содан болар Сыр елінде ағашты жонып, бесік жасайтын шеберлер саусақпен санарлық. Алтын қолды шеберлердің бірі − Айтбай Қожахметов. Құнды жәдігерді жаңғыртқан ұстаны шеберханасына арнайы іздеп бардық.

Үйінің алдындағы ұстаханасы толған ағаш. Құрал-сайманның түр-түрі бар. Қабырғаларындағы сөрелерде жартылай аяқталған ағаш бұйымдары, қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген дүниелер толып тұр. Бесіктің ағашын қайың мен қарағайдан таңдап алады. Оны алдымен арнайы станокта жонады. Кептіруге біршама уақыт кетеді. Ағашты жонып, экологиялық таза бесік  жасайды.

Ағаш шебері «Сыр жиһазы» мекемесінде ұзақ жыл істеген. Онда Ахметжан Самұратов есімді ағаш ұстасының шәкірті болып, бесік істеуді үйреніпті. Шебер біраз уақыт жиһаз жасаумен айналысып, бесік ісінен қол үзіп қалғанын айтады. Жаңа туған балалар талбесікте тәрбелсін деп, бесік ісін қайта қолға алыпты. Мақсаты – киелі мүліктің жоғалмауына үлес қосу.

− Ағаштан түрлі бұйымдар жасаймын. Әйтсе де маған бесік жасаған қатты ұнайды. Жаныма жақын іс. Біршама уақыт тоқтатып қойған едім. Қайта қолға алдым. Себебі бүгінде кейбір жас аналар балаларын бесікке салғысы келмейді. Халқымыз бір үйдің балаларын бір бесікке бөлеген. Ондағы мақсат ұрпақ жалғастығы үзілмесін деп ырымдаған. Бірінші баланікін кейінгіге сақтап қойған.  Әсіресе  баланың бір жасқа дейінгі күтімінде аса қажет бұйым. Бесікте жатқан баланың ұйқысы тыныш болады. Жылы әрі таза жатады, − дейді ол.

Ұлттық бұйым ұмыт қалмас үшін қасына Ораз есімді шәкірт алып, тәрбиелеуде. Ол қарағайдан жасауды тез меңгеріп алыпты. Ұлтымыздың ұлылығын паш ететін оюлы бесікке сұраныс едәуір артуда. Бір айда 40 бесік дайындайды. Облыс халқына жетуі үшін базарға жөнелтіп отыр. Айтбай ұстаның бесіктерін арнайы іздеп келетіндер де бар. Шеберлер де үздіксіз ізденістен жалықпақ емес. Әйтсе де оның көне нұсқасын сақтап қалған жөн екенін айтады шебер.

− Заманға сай түрі де көбейіп кетті. Дегенмен ата-бабамыз қолданған талбесіктің жөні бөлек. Ағашты жонып жасаған соң болтпен бекітпейміз. Көзді қызықтырып түрлі түске де сырланбайды. Бабаларымыз бесікті жасағанда балаға жайлы болуын ескерген. Қолданылмайтын бесіктерді де арнайы қабылдайтын орын қажет. Көнерген бесік пайдалануға жарамаса далаға тастауды шығарыпты. Бұл дегеніміз − барып тұрған сорақылық, − деді Айтбай Қойшыбайұлы.

Шебердің сөзінің жаны бар. Төле би «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген. Замана көші алға жылжыса да, қасиетті бесігімізді көште қалдырмайық.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген

Н.Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<