Бұқарбай ауылының балалары белсенді

1866

0

Жалағаш ауданы Бұхарбай Батыр атындағы ауылда 33 орта мектеп бар. Мың сан шәкірт тәрбиелеп, қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған білім ошағы осы аптада бірнеше тағылымды іс-шаралар өткізді. Тәрбиелік мәні зор әрбір іс-шарадан жас ұрпақтың алар тәлімі мол.

         5-9 желтоқсан аралығында  «Білім басы бастауыштан қаланар, Білімменен әлемге жол салынар!» атты бастауыш сыныптар бірлестігінің апталығы өтті. Апталық жұмысы оқушылардың театрландырылған көрінісімен ашылды. Мектепалды даярлық топтарының оқушыларынан бастап барлық бастауыш сыныптарды қамтыған іс-шарада оқушылар бірі ән айтып, бірі би билеп, енді бірі өлең оқыды.  Жоспар бойынша түрлі зияткерлік, спорттық, танымдық сайыстар, ашық сабактар, тәрбие сағаттары, ата-анамен жұмыс түрлері жүргізілді. Апталық тың алғашқы күнінде мектеп директоры Ерлан Боранбаев мектеп оқушыларының жетістігімен бөлісіп, бастауыш сынып оқушыларына сәттілік тіледі. Екінші күні әр сынып тақырыптық қабырға газеттерінен сурет галереясы ұйымдастырылды.

         4 «А» сыныбында орыс тілі пәнінен «Звучи, домбра!» тақырыбында ашық сабақ болып өтті. Пән мұғалімі Тумиша Эдилова сабаққа тыңғылықты дайындалыпты. Оқушылар түрлі топтық, жұптық, жеке жұмыстар жасады. Домбыра үйірмесінің қатысушысы, түрлі деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы Аян Шуақбай домбырамен терме орындап, музыка пәнімен байланыстырыла өтілген сабақ оқушыларға ерекше әсер қалдырды, − дейді бастауыш сынып бірлестік жетекшісі Жанар Мырзалиева.

         3 сыныптар арасында «1001 мақал 101жұмбақ» сайысы өтті. Мақсаты − оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеу. Ата-бабамыздың өсиетін ұмытпай, мақал—мәтел, жұмбақ, шешендік өнер арқылы өз елінің тарихи шежіресін білуге, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді құрмет етуге баулу. Сайыста оқушылар мақалдың майын тамызды. 1 сыныптар арасында жоспарға сәйкес «Көркем жаза білесің бе?» айдарымен көркем жазу сайысы ұйымдастырылды.  Әліппені енді үйренген бүлдіршіндер көркем жазуға машықтанып қалғандарын байқатты. Оқушылар үзіліс кезінде «Көңілді үзілісте» айдарымен түрлі танымдық тапсырмалар орындап, жылдамдықтары мен білімдерін сынады. Зерек оқушылар жеңімпаз атанып, оларға сыйлықтар берілді.

         «Спорт-денсаулық кепілі» тақырыбында отбасылық сайыс болып өтті. Оқушыларға отбаслыық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Отбасының бірлігі мен ынтымағы көрінетін жарысқа қатысушыларға рухани және спорттық мереке сыйлады. Әкесі, анасы, баласы болып сайысқа 4 команда қатысты. Таныстыру мен эстафеталық сайыстардан тұрған ойында «Самұрық», «Қыран», «Болашақ», «Бәйтерек» атты командалар арасында тартысты да қызықты ойын өрнегі болды. Бастауыш сынып мұғалімдері Мырзалиева Жанар мен Жұбанова Жанардың ұйымдастыруымен, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғани Ғазизовтің басшылығымен өткен сайыста 1 орынды «Самұрық» командасы, 2 орынды «Болашақ», 3 орынды «Қыран», 4 орынды «Бәйтерек» командалары иеленді.

         Мұнан бөлек «Білгіштер бекеті» тақырыбында зияткерлік сайыс өткізілді. Мақсаты − оқушылардың зияткерлік білімдерін бағамдау, логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін шыңдау. Оған 3-4 сынып оқушылары белсенді түрде қатысып, өздерінің білімдерін 6 кезеңде түрлі апсырмалар орындау арқылы көрсетті. Жеңімпаздар анықталып, қорытынды кеште марапатталды.

             «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Оқуға құштар сынып, оқуға құштар оқушы» айдарымен 2-4 сыныптар арасында сайыс ұйымдастырылды. Мақсаты − оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастыру, кітап оқуға ынтасын арттыру, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге,тіл байлығын арттыруға ықпал ету. Кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндіру, оқушыларды әдеби кітаптарды оқуға насихаттау арқылы олардың кітап оқуға сүйіспеншілігін арттыру. Сайыс барысында балалар 1-сынып оқушылары минутқа оқып, 1-4 сыныптағы балалар мақалдың жалғасын айтты. 2-4 сыныптар әдеби вернисаж, мәнерлеп оқу  бойынша сынға түсті. Сайыстан соң оқушылар ерекше көңіл күймен тарады. Бұл ұйымдастыраушы МАД тобының мұғалімі Іңкәр Махатай өзінің білікті де ойы ұшқыр ұстаз екенін көрсеткен тағы бір еңбегінің жемісі.

          Бастауыш сынып бірлестігі апталығының жоспары бойынша бастауыш сынып мұғалімдері Ақмарал Ешмаханова, Клара Альжанова, Сезім Қожабайқызының ұйымдастыруымен «Кәсіби мерекелер» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Мақсаты − оқушыларға болашақ мамандық және оқу бағдарын таңдауда көмектесу, мамандық әлемі және оның ерекшеліктері туралы дүниетанымын кеңейту және оқушылардың өмір туралы, мамандықтар туралы көзқарасын дамыту, мамандық әлемі туралы ақпарат алу және өзін тану шекарасын кеңейту арқылы мамандық бағытын таңдауда жауапты шешім қалыптастыру. Тәрбие сағат барысында оқушылар түрлі мамандықтар туралы жыр-шумақтарын оқыды. Тақырыпқа сай әндер орындалды, көрініс қойылды. Аптаның соңғы күнінде салтанатты шара  Тәуелсіздік күніне арналды. Онда Мектеп директорының бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары Елубай Бижұмаұлы баршаны елдің егемендік күнімен құттықтап, жеңімпаз оқушыларды марапаттады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<