Басылым барлық мектепке келеді

447

0

 «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы National Geographic Qazaqstan журналымен бірлесіп, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының 900-ден астам мектебіне қазақ тіліндегі осы басылымды тегін жаздыру жобасын бастады. Сонымен қатар мектептерге журналдың 2022 жылғы мұрағатын сатып алып берді.

National Geographic – АҚШ-тың ұлттық география қоғамының ресми басылымы, 135 жылдан бері әлемнің 80-нен астам елінде жарық көріп келеді.  Жер-жаһанда  миллиондаған оқырманы бар, өз брендін қалыптастырған. Оның журнал, телеарна, кітап, әлеуметтік желідегі жалпы аудиториясы 900 миллионнан асады.

Ал National Geographic Qazaqstan 2016 жылдың ақпан айынан бері қазақ тілінде жарық көреді. Біздің ана тілімізді қосқанда әлемге әйгілі басылым 38 тілде шығып келеді. Журналдың өз тіліндегі нұсқасын шығаруды бұрынғы Кеңес одағы елдерінен Грузия, Орталық Азия мемлекеттерінің арасында Қазақстан ғана қолға алған, бүгінде қазақшасының таралымы 7500 дана.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Сыр өңірінің 300-ден астам мектебіне журналдың бір жылдық тегін жазылымын ұйымдастырып, мектеп кітапханаларында өткен жылғы және алдағы жарық көретін нөмірлерді оқуға мүмкіндік жасады. Қызылорда қаласының Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде жобаның ашылу салтанаты өтіп, оған  облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, National Geographic Qazaqstan бас редакторы Еркін Жақыпов, қала мектептерінің география пәні мұғалімдері, мектеп директорларының ғылыми-әдістемелік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, орта және жоғары сынып оқушылары қатысты.

– Бұл маңызды қадам жаратылыстану-ғылыми, техникалық бағыттағы журналдарды оқу мәдениетін қайта жандандыратынына сенімдіміз. Таңдаудың National Geographic журналына түскені кездейсоқ емес.

Редакцияның экология мәселелеріне тиісті көңіл бөліп, оқырманның сана-сезіміне әсер етуге тырысатыны өте маңызды. Қоршаған ортаның қауіпсіздігі – біздің компания үшін де маңызды құндылықтардың бірі.

Сонымен қатар, біз үшін ауыл мектептерінің журналға жазылуын ұйымдастыру аса маңызды. Ауыл мен қала арасындағы ақпараттық және білім берудегі теңсіздікті жою мемлекет пен бизнес алдындағы ортақ міндет деп санаймыз, – деді басқарма төрағасы.

Салтанатты рәсім кезінде Қызылорда облысы бойынша жазылу сертификаты жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша олимпиадалардың қатысушысы әрі жүлдегері, №264 мектептің 9-сынып оқушысы Санжар Сұлтанбекке табысталды. Сонымен қатар, қала мектептерінің шәкірттері жетістікке жеткен география пәні мұғалімдері Алғыс хатпен марапатталды.

Іс-шара соңында National Geographic өкілі жергілікті мектептердің мұғалімдеріне басылымның онлайн және оффлайн ресурстарын қолдану бойынша тренинг өткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<