Биыл облыста 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Оның ішінде күріш 85,6 мың гектарды құрайды. Бұл меже алдағы айда Шымкент қаласында өтетін су шаруашылығы жөнінде мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының отырысынан кейін нақтыланады.
– Былтыр облыс үшін Сырдария өзені арқылы келетін су лимиті 3,7 млрд текше метр көлемінде белгіленген еді. ҚР Үкіметі және облыс басшылығының қолдауымен жергілікті диқандар судан еш тарыққан жоқ. Алдын ала болжам бойынша биыл дариядағы су былтырғы көлемде сақталады деп күтілуде. Барлық мәселе мемлекетаралық үйлестіру комиссиясы отырысында шешіледі. Қазір жаңа егін маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Оған қажетті тұқым құйылып, минералдық тыңайтқыш пен гербицид алудың қамы жасалуда. Оған қоса ауыл шаруашылығы техникаларын дайындауға көңіл бөлінді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Кейінгі жылдары өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді. Өткен жылдың желтоқсан айына дейін облыстан 72,4 мың тонна өнім 17 мемлекетке жіберілген. Олардың жалпы құны 37,5 млн долларды құрайды. Оның ішінде 66,7 мың тонна күріш Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Грузия және Иракқа экспортқа шықты.
– Былтыр күріш өнімін өткізуге байланысты біршама проблема туындады. Оның себебі де бар. Алдыңғы жылдары көршілес Ресей, Өзбекстанда түрлі себептерге байланысты күріш аз егілген еді. Қазір олар сұранысты өз өнімдерімен қамтамасыз етуге кірісті. Сонан келіп бізде күріш бағасы 320 теңгеге дейін төмендеді. Басқарма тарапынан әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бағасына тұрақты түрде бақылау бар. Бұл мақсатта жергілікті диқандарға заем беру мәселесі шешілген. Оған қоса жыл бойы тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілуде. Рас, картоп бағасының өсуіне қатысты мәселе біздің облыста да байқалды. Облыс бұл өніммен өзін-өзі ішінара қамтамасыз ете алады. Қалған бөлігі еліміздің солтүстік өңірлерінен жеткізіледі. Қазір тұрақтандыру қорында 1000 тоннаға жуық картоп бар. Тұрғындар оны қаланың барлық бөлігінде орналасқан әлеуметтік дүкен желілері арқылы сатып ала алады, – деп толықтырды сөзін басқарма басшысы.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<