Біз де студент болғанбыз…

775

0

Бүгін – Халықаралық студенттер күні. Студенттік өмірдің бал шақтары туралы айтылатын сырларды бір жазбаға сыйдыру мүмкін емес. Бүгінгі атаулы мерекеге орай әртүрлі салада қызмет етіп жүрген адамдардың да пікірін білдік. Олар да қызыққа толы қимас шақтарын сағынышпен еске алды.

Ибадулла Құттықожаев, Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы:

– Мен 1975-1979 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты  «Физика»  пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Институтқа түскен соң бірінші курс студенттері арасында өнер сайысы болды. Сол кезде қыздармен бірге «Балбырауын» биін биледік. Оқу тобында бес ер бала болдық. Олар алғашында жатақханада жатты. Жатахқана өмірі қызық қой. Достарыма жиі барып тұратынмын. Олар түскі ас, кешкі ас кезінде нанға майды жағып, құмшекерге бір батырып алып, қарай шәйді баптанып ішіп отыратын.

Бір күні сынақ тапсырып шыққан досым ағайлардың өзіне күлгенін айтты. Неге деп сұрағанымызда социалистік елдерді ата дегенде, Польша, Чехославакия, Германия  және Греция  деп айтыпты. Соған күлген. Греция социалистік мемлекет емес қой десем, қайдан білейін газды су сатып жатқандардың бәрі гректер болған соң социалистік мемлекет деп ойладым деді.

Үлкен аудиторияда үш группа қосылған кездерде қызық көп болды. Ақын болмасақ та, бір-бірімізге өлең шығаратынбыз. Бір күні досым бір қызды ұнатып қалып, сезім туралы айтты. Маған өлең шығарып берші деді. Шабыт келген күні өлең шығарып бердім. Өзім шығардым деп қызға сезімін білдіріпті. Қуанып келді, қыз келісті деп. Кейін екеуі үйленіп, жарасымды отбасы болды.

Группадағы төрт ұл студенттік төрт жылдың үш жылын біздің үйде өткізді десем болады. Ата-анам бір қабақ шытпайтын. Анамыз он баланың анасы, әкем де жұмыс істейтін. Біздің үйдің өкіл балаларындай өсті. Достарыммен әлі күнге дейін араласып тұрамыз.

Залипа Төлепова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының артисі:

– Студенттік шақ, шіркін, таусылмастай көрінеді. Төрт жылың төрт күндей болып көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Әр курс өзінше қызық болатын. Әсіресе, бірінші курстағы балғын шақта талай тосын оқиғалар бастан өтті. Біз ол кезде жүзім теруге баратынбыз. Басқа курстағы студенттермен жарысып, әркез бірінші болып бітіруге тырысатынбыз. Біз театр тобы болғандықтан көбіне сахналық қойылымдар қоятынбыз. Қойылымды ең мықты сомдап шыққан топ жеңімпаз атанатын. Жалпы студенттік кезең – ең тәтті шақ. Әсіресе, жатақхана өмірі бұрын-соңды ата-анасының қасынан бір адым алыс шығып көрмеген қыз-бозбалаға алғашқы кезде жұмақтай болып көрінеді. Ал еркіндіктің шекарасынан шығып кетсең қиынның-қиыны. Дегенмен де студент болғасын өмірдің қиындығы да, қызығы да қатар келеді. Соның барлығын қаз қалпында қабылдап, әр сәтін бағалай білсең әркез сағынышпен еске оралады.

Қанат Қыпшақбаев, «Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы:

– Мен 1990 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетінде оқыдым. Біз оқуға түскен жылдары нарықтық қатынастар енгізіліп, жағдай қиындаған еді. Саяси-экономикалық реформалар басталды. Өзіміз стипендия алып, бірде жетіп, бірде жетпей жүрген кез болатын. Кітапханаға барып, Лениннің 51 томдық, Марк пен Энгельстің экономикасын оқып жүрген кезіміз. Талон жүйесі енгізіліп, дефицит орын алып, қарын аш болса да көңіліміз тоқ еді. 1994 жылы оқуды аяқтаған соң студенттік кезеңнің ең қызықты, көңілді, қимас шақ екенін ұғындық. Айта берсек студенттік кезеңнің қызығы бітпейді. Тек қана әр сәтті бағалай білген абзал.

Гүлдерайым Қосназарова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі:

– Студенттік шақ – қадірін білген адам үшін ең ғажап кезең. Таза көңілдердің табысатын уақыты. Қулық-сұмдықпен әлі танысып үлгермеген балаң үміт. Құрбы-құрдастарыңмен талай қызықты күндерді бастан өткеретін шақ. Біздің студенттік шағымыз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді. Мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқыдым. Әрқайсысымыз әр өңірдің тумасымыз. Бірыңғай қыздар болғасын бір жерге жиналып бару, туған күнді атап өту, тойға бару сынды дүниелерді ұйымшылдықпен атқаратынбыз. Бірде жатақханада қыздармен бірге суретке түсу үшін керуетке мініп, сындырып алғанымыз бар. Ол да сағынышпен еске алатын қимас шаққа айналды. Студент болу – ол өмірдің сыйы деп білемін. Бір топта оқыған құрбыларыммен әлі күнге дейін кездесіп, өткен күнді еске аламыз. Меніңше студенттік кезеңнің қызығына тең келер ешнәрсе жоқ.

Иә, студенттік өмір туралы айта берсек, том-том кітапқа жүк болады. Сол кітапты оқыған кезде қызықты, айтып берерге тұрарлықтай қылу – ол әр адамның өз қолында!

Құрметті, оқырман! Сіздің студенттік шағыңыз қандай қызықтармен есте қалды?

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<