«Бизнеске жол» кедергілерді жояды

488

0

Кәсіпкерлердің алдында түрлі кедергі кездеседі. Бұл бизнестің дамуын тежейтіні сөзсіз. Жер алу, инфрақұрылым және құжат жинауда қиындықтар бар. Міне, осы мәселелерді шешу үшін биыл «Бизнеске жол» жобасы іске қосылған болатын. Бүгінде жоба аясында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департамент басшысының міндетін атқарушы Ернар Мақажанов айтты.

– Қазір бизнесті қорғауды күшейтуге бағытталған нақты шешімдер қабылданып жатыр. Әсіресе, саланы серпілтуге «Бизнеске жол» жобасы мүмкіндік беруде. Біз қазір осы бағытта жұмысты жандандырдық. Бүгінде кедергіге тап болған кәсіп иелерінің мәселесін шешіп жатырмыз. Жаңа жоба аясында осы уақытқа дейін 300-ден аса кәсіпкердің қатысуымен 26 кездесу ұйымдастырылды. Мәселелердің бірқатары қысқа уақытта шешімін тапты. Нақтырақ айтсақ, 188 кәсіпкердің заңды мүддесі қорғалып, жұмысының өркендеуіне ықпал жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алда жалғасатын болады, – деді ол.

Ернар Әбсейітұлының айтуынша, кәсіпкерлер жиі көтеретін мәселелердің ішінде жер учаскесін пайдалану мерзімін ұзарту, жергілікті атқарушы органдардан түрлі келісімдер алу, атқарылған жұмыстары үшін тиесілі қаражатын ала алмау сияқты кедергілер бар. Проблемаларды талдау үшін әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет-ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылған.

– Негізсіз кедергілерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Мәселен, департаментке жеке кәсіпкер жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартудан қалалық жер комиссиясы негізсіз бас тартқаны жөнінде айтты. Кәсіпкер 6 ай бойы жауап ала алмаған. Былтыр әкімдік жерді жалға беру мерзімін ұзарту жөнінде 7 кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаны белгілі болды. Зерделеу барысында Жер кодексінде бұл мәселені жер комиссиясы қарамайтыны анықталған. Департамент пен жергілікті атқарушы органның бірлесіп талқылауы нәтижесінде кәсіпкерлердің өтініші қайта қаралып, жер телімін жалға беру мерзімін ұзарту туралы шешім шықты, – дейді ол.

Бұдан бөлек, орындалған жұмыстар үшін қаражат төленбеген кәсіпкер шағымы ескерілді. Жеке балабақшаларда төлемдер 9 сағаттық коэффициентпен жүргізілгені белгілі болды. Департаменттің араласуымен 99 жеке балабақшаны қосымша 10,5 сағаттық коэффицентпен қаржыландыру жөнінде шешім қабылданып, жалпы бөлінетін қаражат көлемі шамамен 828 млн теңгеге ұлғайды. Осы сияқты құқықтық көмек өзге де кәсіпкерлерге жасалды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<