XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның қарқынды дамыған кезеңі. Бүгінде цифрлық технологиялар балалар мен жастардың білім алуына ғана емес, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да кең мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда жасөспірімдер сурет салып, өлең жазумен ғана шектелмей, бейнероликтер түсіріп, графикалық дизайнмен айналысып, түрлі цифрлық жобаларды жүзеге асыра алады. Интернет кеңістігі олардың талантын көпшілікке танытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Түрлі бағдарламалар мен онлайн платформалар балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар Instagram, TikTok, YouTube сияқты әлеуметтік желілер жастардың өз еңбектерін жариялап, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Дегенмен цифрлық дәуірдің артықшылықтарымен қатар белгілі бір қауіптері де бар. Экран алдында ұзақ отыру денсаулыққа зиян келтірсе, интернетке тәуелділік, кибербуллинг пен жалған ақпарат жастар тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін.
Сондықтан технологияны тиімді әрі саналы пайдалану маңызды.
Бұл ретте ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі ерекше. Олар балаларға қауіпсіз интернет мәдениетін қалыптастырып, цифрлық құралдарды дұрыс қолдануды үйретуі қажет. Сонымен бірге кітап оқуға, спортпен айналысуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге көңіл бөлінуі тиіс.
Қорытындылай келе, цифрлық дәуір балалар мен жастар шығармашылығына жаңа серпін беріп отыр. Ең бастысы – технологияны дұрыс бағытта пайдаланып, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту. Себебі білімді, шығармашыл және саналы жастар – елдің жарқын болашағының кепілі.
Серік Рамазан
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті





