Даму жолының бағдары

286

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы еліміздің даму саясаты дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқанын дәлелдейді.

Жолдауда айқындалған басымдықтар алдағы уақытта Отанымыздың әлемнің дамыған мемлекеттері қатарынан нықтап орын алуы мақсатындағы қарқынды қадамын қамтамасыз ететін құнды құжат екені рас. Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанда еңбек етіп жатқан халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау саясатын жүзеге асыруда біршама бастамаларды жүзеге асыруда. Сонымен бірге, ұстаздар қауымын нақты қолдау – бұл саналы және білімді ұрпаққа деген қамқорлықтың үлгілі  көрсеткіші.

Жолдау білім саласы қызмет­керлерінің халық алдындағы беделін көтеру және оларды материалдық тұрғыда қолдау, еңбекақыларын ұлғайту ғана емес, ұстаз деген ұлы есімнің абыройын көтеруге, ең алдымен мұғалім біліктілігін жетілдіруге ынталандыруға, тіпті өзін-өзі жетілдіруге және оқытудың үздік әдістерін меңгеруге бастайды.

Сонымен бірге, Президент халықты медициналық қызметте қолжетімділік пен оның сапасына баса назар ауда­р­уы керектігін айта келе, денсаулық сақшыларына ана мен бала денсаулығын бірінші кезекке қоюын тапсырды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру мәсе­лесін де баса айтты.

Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы да өз жалғасын табатыны және осы жоба аясында жастарға қолдау көрсетіле беретіні ел жастарына жаңа серпін берді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Жолдауда белгіленген әлеуметтік сала бойынша мақсат-міндеттер – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған халқына деген шынайы қамқорлығы деп білген дұрыс.

Жолдауда  айқындалған мақ­саттардың бірі – бизнес өкілдерін қолдау мақсатында шағын және орта кәсіп иелерін 3 жылға дейін табыс салығынан босату, сонымен қатар алдағы жылдан бастап 3 жылға дейін шағын кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салу сияқты мәселелер кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдау тапты. Кәсіпкерлерді салықтан босату елімізде осы саланың  өркендеуіне зор септігін тигізері хақ.

Президент Жолдауда адамзат баласы өміріне қажетті таза су, ұлттық, отбасылық құндылық пен білім, халықты әлеуметтік жағынан қолдау сияқты  түйткілді мәселелер туралы да айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында халық алдында берген уәдесін міндетті түрде орындайтынын жеткізгені қазақ­стандықтардың болашаққа деген сені­мін арттырды деп ойлаймын.

Ел экономикасы мен барша қазақ­стандықтардың әлеуетін арт­тыру­ға арналған Жолдау­дың маңызы терең, тұжырымдамасы анық. Алдағы уа­қытта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға арнаған Жолдауы ел әлеуетінің өсіп-өркендеуіне арналған нәтижелі жұмыстармен айшықтала беретініне сенемін.

Кенжебек ҮЙРЕКОВ,

ҚР Цифрлық даму,

инновациялар  және ғарыш өнеркәсібі министрлігі

Аэроғарыш комитетінің

«Инфрокос» РМК  бас директоры міндетін атқарушы,

облыстық мәслихат депутаты.

Байқоңыр қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<