Еңбек заңнамасы тұрақты бақылауда

359

0

Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша өңірде  бірлескен  шетел жұмыс күші тартылған 26 кәсіпорын жұмыс атқарады. Бұларда еңбек етіп жүрген қазақстандық мамандар саны 6695-ті құраса, шетел азаматының саны – 328. Басқарма шетел жұмыс күші тартылған кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуына бақылау жасайды. Өткен кезеңде бұл кәсіпорындарда ұжымдық еңбек даулары орын алмаған, әлеуметтік еңбек ахуалы тұрақты.
– Аталған кәсіпкерлік су­бъек­тілерінде еңбек заңна­масы сақталуын тексеру кезінде ше­т­елдік қызметкерлерді рұқсат етілген мамандықтар бойынша тартуға, бірдей қызметтегі жер­гілікті және шетелдік жұмыс­керлердің жалақы көлеміндегі айырмашылықтың болмауына, жұмыскерлерге қалыпты жұмыс жағдайын жасау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді,– дейді басқарма басшысы Ертілеу Жалғасбаев.
Мемлекеттік еңбек инспек­торлары биылғы 8 айда шетел жұмыс күші тартылған 11 кәсіпорында жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нә­тижесінде 20 заңбұзу­шы­лық анықталып, 10 нұсқама, 2 ескерту беріліп, 486063 тең­ге мөл­шерінде 4 әкімші­лік айыппұл са­лынған. Атап айтқанда, облыс­тық прокуратураның та­лаптарына сәйкес шетел жұ­мыс күші тартылған «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС мен «Чайна Триумф Ин­тер­нэшнл Инжиниринг» ЖШС-на би­ылғы жылдың 22 шілде – 2 та­мыз аралығында еңбек заңна­масының сақталуына жүр­­гізілген жоспардан тыс тек­серу нәтижесінде бір­қатар заң бұзушылық анық­тал­ған. Мә­се­лен, 3 жергілікті жұмыс­кермен еңбек шарты жасалмаған жә­не еңбек демалыстарының кестесі бекітілмеген, 35 қа­зақстандық жұмыскердің ең­бек шарты тоқтатылғанда оларға тиесілі төлемдер кешікті­ріл­ген. Сонымен бірге, машина­лар мен механизмдерге бай­ланысты жұ­мыстарда істейтін жұ­мыс­керлер ауысым алдындағы ме­ди­циналық куәландырудан өткі­зілмеген және жергілікті жұ­мыскерлерге қажетті сани­тар­лық-гигиеналық жағдайлар жасалмаған. Алайда, мамандар тексеру барысында жергілікті қызметкерлер мен шетелдіктер арасында еңбекақы төлемінде теңсіздік фактілерінің анық­тал­мағанын алға тартады.
Сондай-ақ, биыл есепті мер­зімде шетел күші тартылған 2 кәсіпорында еңбек қызметіне байланысты 2 жазатайым оқиға орын алған. Бұл былтырмен са­лыстырғанда 50 процентке төмен.
– Биыл тамызда облыс әкім­дігі,  аймақтағы шетелдік жұ­­­мыс күші тартылған 19 кә­сіпорын әкімшілігі мен кә­сіп­орындардағы кәсіподақтар арасында жұмыскерлерге қауіпсіз және қолайлы еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум жасалды. Сонымен бірге, шетелдік жұмыс күші тар­тылған  кәсіпорындарға «Шетел жұмыскерлерінің ҚР Үлгілік  нұсқаулығы» жолданып, осы бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде шетелдік жұмыс күшін тартқан кәсіпорындар арасында еңбек заңдылығын сақтауға ықпал етеді деп ойлаймын,– дейді басқарма басшысы.
Ал, «Еңбек ресурстарын да­­мыту орталығы» АҚ ма­ман­дары былтыр елімізге тар­тылған шетелдік жұмыс кү­шін мамандықтар, сала және аймақтар бойынша талдау жа­саған екен. ШЖК-ның құ­ры­­лымдық ерекшеліктерін анық­тау үшін олар ҚР Еңбек жә­не ха­лықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің «Шетел­дік жұмыс күші» автоматтан­дырылған ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сүйенген. Талдау барысында  2010 жылдан бастап 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі ШЖК-на берілген рұқ­саттары қарастырылған. Мә­лі­меттерге сүйенсек, осы жыл­дары елімізге 308,6 мың жұмыс күші тартылған. Олар өндіріс салаларында және компаниялардың басқару аппараттарында қызмет атқаруда. Ал 2010-2017 жылдар аралығында біздің аймаққа 3,8 мың шет­елдік жұмысшы келген. Облыста еңбек мигранттарының саны бойынша бірінші орынды Қытай азаматтары алады. Мұны 2016-2017 жылдардағы көрсеткіш растады. Сәйкесінше, шетелдік мамандардың 94-99 процентін қытайлық азаматтар құрауда. Ең жоғары көрсеткіш тау-кен өнеркәсібінде болса, ең төмен көрсеткіш сауда мен автомобиль жөндеу саласында тіркелген.

Айнұр Батталова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<