Екіжақты тауар айналымы артады

302

0

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Шанхайда Қытайдың жетекші компаниялары өкілдерімен кездесіп, нәтижесінде жалпы құны $2,5 млрд болатын келісімге қол қойылды.

ҚР Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.

Жұмыс сапарының басты мақсаты – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы екіжақты тауар айналымы көлемін өткен жылғы $41 млрд деңгейіндегі тарихи рекордтан екі есеге арттыру жөніндегі уағдаластықтарды жүзеге асыру.

Дөңгелек үстел жұмысына металлургия, энергетика, машина жасау және автомобиль өнеркәсібі, көмір химиясы, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және басқа да салалар бойынша көшбасшы компаниялар өкілдері қатысты.

Экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды дамыту перспективалары қаралды. Кездесуге қатысушылар ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық әріптестік артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді.

Қазақстан-Қытай бірлескен ірі жобалары қатарында Camc Engineering компаниясымен бірлесіп кальцилендірілген сода өндіру зауытын, Tianjin Cement Industry Design and Research Institute-пен «Састөбе» химиялық кешенін және Yunnan Industrial Explosive Group-пен жарылғыш заттар өндіру зауытын салу жобасы бар. Қуаты 90 мың бірлікті құрайтын, толық шағын торапты құрастыруға негізделген CHANGAN, HAVAL, CHERY автокөліктерін шығаратын зауыт құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Geely, Exeed, KAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша 1 мың жұмыс орнын құра отырып, $150 млн сомаға инвестициялық келісім жасалды. Жобалар жоғары сапалы отандық өнім өндіруге қабілетті технологиялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер, екі елдің бизнес-қауымдастықтарының пікірінше, екіжақты әріптестіктің орнықтылығы мен өнімділігін растайды.

ҚР Үкіметінің басшысы аталған бағыттағы бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын, сауда қатынастарының қолда бар әлеуеті тауар айналымын одан әрі әртараптандыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту келешегін көрсететінін атап өтті.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып келеді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара сауда көрсеткіштерімізді екі есеге арттыруға ниеттіміз. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда зор әлеуеті бар. Біз өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашып, ынтымақтастықтың тиімділігін бірге арттыра аламыз. Бұған қол жеткізу үшін транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және біздің іскер топтар арасында байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуі қажет. Қазақстан Үкіметі әріптестікті кеңейтуге және мемлекеттеріміз арасында берік көпір құруға дайын. Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасаймыз және әр жобаның табысты болуына ықпал етеміз. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жаңа инвестициялық бастамалар экономиканың нақты секторын дамытуға, оны әртараптандыруға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға қуатты серпін беретініне сенімдімін» деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр өнеркәсіпті дамыту ел үшін маңызды басымдық екеніне тоқталып, қытайлық компанияларды қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз әріптестікке шақырды.

Диалог барысында Қытайдың жетекші компаниялары өкілдері Қазақстанға стратегиялық жобаларды іске асырудағы сенімді серіктес ретінде қызығушылық танытты. Кездесу нәтижесінде жалпы сомасы $2,5 млрд болатын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Primeminister.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<