Ел қазынасын қалыптастыратын сала

340

0

Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – төл теңгенің айналымға енуі. Бұл жас егеменді мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізуі үшін алдыңғы кезекте қажетті тарихи қадам еді. Себебі, ақша мен экономиканың өзара байланысы өте тығыз, олар – экономикалық жүйенің негізгі құрамы.

Кеңес одағы тарап, тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттер бірінен соң бірі өз ұлттық валюталарын немесе уақытша ақша белгілерін енгізе бастады.

Сол сияқты тәуелсіз Қазақстан елінде де 1993 жылдың 3 қарашасында Президент Жарлығымен  Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, өз тұжырымдамасын дайындады. Валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамы сияқты маңызды мәселелер айқындалды.

Теңгені айналымға ендіру туралы шешім қабылданған кез еліміздің экономикалық даму тұрғысынан да, халықтың әлеуметтік хал-ахуалының да аса бір қиын кезеңі болатын. Содан бері теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қаржы және банк жүйесінде бірнеше маңызды реформалар жасалды, еліміздің экономикасы қарқынды даму кезеңіне өтті, теңге Қазақстан үшін сенімді валютаға айналды. Қаржы, кеден қызметтері реформаланды. Осылайша теңгенің өмірге келген күні 15 қараша – Қаржыгерлер күні болып белгіленді.

Ал салық органдары 1990 жылы облыстық қаржы басқармасының,  қалалық, аудандық қаржы бөлімдерінің ізінен ашылғанын ескерсек, салық жүйесі қаржы органдарының бірден-бір ажырамас саласы болып келеді.

1991 жылы 9 шілдеде тәуелсіз Казақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының салық қызметін құру туралы» Жарлығы қабылданды. Республикалық дербес салық жүйесінің қалыптасуы осы кезден бастау алады. Осы жылы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №1073 Қаулысымен «Қазақстан Республикасының салық жүйесі туралы» заң күшіне енді. Аталған заң тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет мемлекет пен салық төлеуші арасындағы туындайтын салық міндеттемелері, төлемгерлердің құқықтары, салық түрлері мен олардың ставкалары, сондай-ақ, жеңілдік беру тәртіптері қаралған нормативтік акт ретінде қолданысқа еніп, басшылыққа алынды.

Тәуелсіз еліміз еңсесін көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылды. Бұрын тек қана аграрлық бағытта дамып келген біздің облыстың өндірісі өркендеп, кейінгі жылдары құрылыс та қарқын алды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа реформалар жүргізілді. Соның негізінде жаңа ведомство – Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – еліміздің шекарасынан кірген әрбір тауардың барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың түгелдігін бақылау. Жалпы кірістер органдарының басты  міндеті – бюджеттің кіріс бөлігін және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Салық салу және оны өндіру жүйесін ұдайы жетілдіріп отыру – салық төлеушіге қолайлы жағдай жасаумен тығыз байланысты.

Атқарылған жұмыстың нәтижесімен биылғы жылдың 10 айына мемлекеттік бюджет жоспары 108% орындалып, 11,4 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде республикалық бюджет жоспары  106% құрап, 5,4 млрд теңге, жергілікті бюджет жоспары 111% орындалып, 6 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілді.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Мемлекеттік бюджет түсімінің өсу қарқыны 128% құрап, 27,3 млрд теңгеге артты.

Бүгінгі күннің талабы – салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру арқылы салықты сапалы әрі мәдениетті басқару. Осы орайда, департамент тарапынан жүргізілген салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесінде ағымдағы жылдың 10 айында  жергілікті бюджетке 5,5 млрд теңге қосымша резервтер өндірілді.

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында  экономиканың тұрақты өсуі салық саясатына тікелей байланысты, жалпы салықтық сауаттылықты арттыру, жаңа салық кодексінде салықтық әкімшілендіру мәселесін тың бағытта қарастыру, жұмыс барысында салық төлеушілермен бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керектігін атап өтті.

Мемлекеттік кірістер органдары әлемдегі озық үлгідегі стандарттарға бой түзейді. Алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалана отырып, салықтық, кедендік әкімшілендірудің тиімділігі мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасаудың арасындағы ең ұтымды балансты ұстауды мақсат тұтады.

Ел қазынасын қалыптастырудағы айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында департамент қызметкерлері талмай еңбек ете бермек.

Ғани АМАНОВ,

облыс бойынша мемлекеттік кірістер  департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<