Ең асыл құндылық

870

0

Облыстық білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы және Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейде Қазақстан халқы тілдері күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбында мектепішілік пікірсайыс турнирі өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, оқушылардың патриоттық сезімін оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт-дәстүрін, тарихын құрметтеп, тәрбиелеуге бағыттау.

Турнирде № 264 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушылары сайысқа түсіп, «Есетов жастары», «Ақиқат», «Алашорда», «Томирис» топтары ойын барысында ұлт мақтанышы, тіл реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының өз заманында ағысқа қарсы тұра білген қайраткер болғанын айтты. Қазақ халқының рухани көсемі, бұқараны білім алуға шақырғанын да атап өтті. Халқы, тілі үшін еткен қызметіне тоқталды.

Сайысқа қатысушы топтар тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек, себебі, тіл – бүкіл бір халықтың жүрегі, оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт тұнып тұрғанын тілге тиек етті. Сондықтан әр халық өз тілінде мақтанып қана қоймай, оны дамытып, жұмыс жасауы керек. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – қатынас құралы.

Іс-шараға Қызылорда қаласындағы №10 Білім-инновациялық лицейі, С.Шаухаманов атындағы № 9 білім-инновациялық лицейі, Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернаты, Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің оқушылары көрермен болып қатысты.

Сайыс қорытындысымен  «Алашорда» тобы жеңіске жетті. Бүгінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбындағы пікірсайыс турнирі барлық білім беру ұйымдарында өткізілуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<