Ержеңістің жеңісі

556

0

Қазалыда Қазақстанның және КСРО халық артисі, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасын табуда.

Жексенбі күні Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен Роза Тәжібайқызының мерейтойына арналған «Шығыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысы көпшіліктің көңілінен табылды.

Айтысқа Павлодар, Шымкент, Қызылорда қаласы, Түркістан, Ақтөбе облысы және Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарының ақындары қатысып, бағын сынады.

Айтыс аламанын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі.

Айтысты 3 дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізіп отырды.

Ойлы шумақ, ұтқыр сөздерімен көпшілікті баураған ақындар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені аралдық Ержеңіс Әбдиев жеңіп алды. Жеңімпазға 700 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.

Бірінші орынды шымкенттік ақын Біржан Байтуов, Атырау қаласынан келген Фариза Жетпісбай мен қазалылық ақын Елнұр Нұрқасым екінші орынды, павлодарлық Рауан Қайдаров пен Түркістан облысынан келген ақын Дәурен Ақсақал үшінші орынды иеленді.

Өзге ақындар да жүлдесіз қалмай, ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

Жеңімпаз бен жүлдегер ақындарды ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, қазылар алқасының төрағасы Әбілқайыр Сыздықов, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров марапаттады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<