Ержігіт ел мерейін үстем етті

2287

0

Талантты бала Ержігіт Сармырзаев Грузияның Батуми қаласында өткен «Золотая волна» атты халықаралық байқауда топ жарды. Байқауға жеті мемлекеттің балалары қатысқан. 23-28 шілде аралығында өткен сайысқа түрлі жанр бойынша елімізден барған оннан аса өрен  бақ сынаған.

Ержігіт байқаудың бірінші кезеңінде Грузияның халық ақыны Важа Пшавеланың өлеңін ақын грузин тілінде және Ұлықбек Бекұзақұлының қазақ тіліне аударған нұсқасын да оқыған. Екінші кезеңде белгілі режиссер-сценарист, ақын Оңталап Нұрмахановтың «Мен де жұлдыз боламын» атты өлеңін оқып қатарынан оза шапты.

−  Шәкіртіміз Ержігіт Тасбөгет кентіндегі №257 мектептің 6-сынып оқушысы. Оқуда озат, алғыр бала С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде түрлі үйірмелерге қатысқан. Бүгінде А.Тоқмағанбетов атындағы  мәдениет үйіндегі «Көркем оқу» үйірмесіне барады. Белсенді, ізденімпаз. Бұл байқауға аз уақытта қарқынды дайындалдық. Үлкен сахнада қара өлең оқығанда  оның қоңыр дауысы мен әр сөзі жүректерді елжіретті. Баршаға рухани әсер сыйлап, бас жүлдені иеленді. Көрермендер «Қазақстандық дарынды бала қайда?» деп  іздеп келуде. Кішкентай болса да, таланттылар арасынан топ жарып, еліміздің мерейін үстем етті, − дейді жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Эльмира Қанатбаева.

Айта кету керек, талантты баланың еліміздің атынан өнер көрсетуіне «Абай-Дәулет» серіктестігі  қолдау білдіріп, демеушілік жасаған.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<