Биыл ақын, прозашы, журналист Зордан Салықбайұлының туғанына 80 жыл. Зордан Салықбайұлы 1944 жылы 15 мамырда Жаңаталап ауылында, сол кездегі Жаңаталап колхозында дүниеге келді. Ауылдағы жеті жылдық мектепте білім алды. Екі жыл Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозда оқып, 10 сыныпты Жосалы қыстағындағы №26 орта мектептен бітірді. Екі жыл колхозда жұмыс істеді, колхозшы болды. 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түсіп, оқуды 1967 жылы үздік дипломмен бітірді.
Алғашқы еңбек жолын 1967 жылы жаңадан құрылған Аққыр совхозындағы №188 орта мектепте мұғалім болып бастады. 1968-1970 жылдары мектеп директорының орынбасары болды. 1971-1974 жылдары аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1974-1986 жылдары аудандық «Жаңадария» газетінің бас редакторы болды. Зордан Салықбайұлы басқарған жылдары аудандық газеттің мазмұны түрленіп, көркемдік сапасы да ерекше сипатқа енді. Қаламгер өзінің қысқа ғұмырында ауданымыздың мәдени-рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Өміршең өлеңдері арқылы халқының, оқырмандарының жүрегінен орын алған ақынның туғанына 80 жыл толуына орай аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Жазылып қалған жан сырым» атты З.Салықбайұлын еске алуға арналған шара өтті.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов руханият әлеміндегі шоқтығы биік ақын, жазушы, жерлесіміз Зордан Салықбайұлының шығармашылығына тоқталды. «Зордан ағамыздың қаламынан туған «Үміт толқыны» әңгімелер жинағына енген дүниелері,«Жазылып қалған жан сырым», «Армандап өткен ғұмыр» жыр жинақтары, Астана қаласынан «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан өлеңдер, әңгімелер, очерктер және ой орамдары қалың оқырманнан жоғары бағасын алған дүниелер.Бірақ ақынның өзінің жазған осы дүниелерінің жарыққа шыққанын көре алмай, өмірден өтуі өкінішті. Зордан ағамыз небары 44 жасында дүниеден өтті» деген Ғани Кенжеғараұлы Зордан Салықбайұлының артындағы мол әдеби мұрасын жинақтап, жарыққа шығарған жары білім беру саласының үздік қызметкері, білікті ұстаз Дина Нұржанқызының еңбегін айырықша атап өтіп, сый-сияпат көрсетті.
Мұнан бөлек, басылымның байырғы редакторы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, облыстық мәслихаттың депутаты Әмірбек Шаймағанбетов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Ерғалиева Қоғажай және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Серік Бертаев Зордан Салықбайұлының өнегелі өмір жолына тоқталып, артында өнегелі өмірі, өлмес өлеңі, үзілген үмітін жағып, жолын жалғастырар ұрпағы қалған ақын ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.Зордан Салықбайұлы дүниеден өткен соң ақынның артында қалған әдеби мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, оны жүйелеп, жинақтап, кітап қылып жарыққа шығарған, ақынның жары, ардақты ұстаз Мейірманова Дина Нұржанқызы барша тілеулес жандарға алғысын білдіріп, аяулы жанның естеліктерімен бөлісті.
Ақынды еске алуға арналған шарада аудан халқына Зордан Салықбайұлының күнделігіндегі естелік жазбалар оқылып, тарихи деректер мен ақын өміржолынан сыр шертетін бейнекөрсетілім ұсынылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<