HACKATHON: жарқын идеялар байқауы

750

0

Республика күніне орай өткізілген «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON-2022» IT жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Байқауға IT саласына қызығушылығы бар 270 жас қатысып, 100-ге жуық жобаны таныстырды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла айтты.

– Бұл байқау облыста төртінші рет өтіп жатыр.  Мақсаты – ерекше Start-Up жобалар мен IT саласына қызығушылығы бар нағыз таланттарды анықтау. Байқауда «Әзірлеу», «Модельдеу», «Медиа& Білім» бағытында іріктеу өтті. Нәтижесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 3 қатысушыға білім грантын табыстады. Алдағы уақытта «Pecha Kucha», «InnoFest» сынды IT жобалар фестивалін өткізу жоспарда бар, – деді ол.

Байқауды облыс әкімінің қолдауымен Ақпараттық технологиялар орталығы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйымдастырды. Кіл мықтылар жиналған сайысқа аудандардан келген жастар қатысты. Олардың арасында ІТ үйірме оқушылары, колледж, жоғары оқу орындарының студенттері мен мұғалімдер де бар. Байқау қорытындысы бойынша әр секциядан 3 қатысушы жеңіске жетіп, қаржылай сертификаттарға ие болды.

Нәтижесінде «Медиа&Білім» бағытында қаладағы №140 орта мектеп оқушысы Аружан Қыдырбай, «Модельдеу» бағытында Қазалы ауданының №103 мектеп оқушысы Бейбіт Рахымжан, «Әзірлеу» бағытында №14 мектеп-лицей оқушысы Нұрбек Райханов Қорқыт ата университетінің грант иегері атанды. Ал әр бағыт бойынша І орынды иеленген Оралбек Абдуллаев, Әділ Серік, Еңлік Мұратбекке 70 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, ІІ, ІІІ орынға ие болған қатысушыларға қаржылай жүлде мен арнайы сыйлықтар берілді. Мұнан бөлек, бірқатар қатысушылар ұйымдастырушылар ұсынған бағалы сыйлықтарға ие болды.

– Аталған байқауға «Медиа&Білім» бағытында өз жобамды ұсындым. Әділқазылардың шешімімен грант иегері атандым. Ең алдымен жастарға қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. IT бағытында өтетін осындай сайыстар жиі ұйымдастырылса екен деймін. Бұл – талантты жастарға берілген мүмкіндік, – деді 10-сынып оқушысы Аружан Қыдырбай.

Еске сала кетейік, бұған дейін өткен байқауда үздік жобаларымен жеңіске жеткен жастарды облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов пен Қорқыт ата университетінің проректоры Жандос Базартай марапаттады. Осы орайда аппарат басшысы роботехника бағытында ауқымды жетістіктер бар екенін айтып, республикалық және аймақтық ІТ саласында тың жобаларды дамытуға ниетті жастарға облыс әкімдігі тарапынан қолдау болатынын жеткізді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<