Халық жадында қалған дарын

804

0

Көмейіне бұлбұл ұялаған әнші Темірхан Ерғалиев есімі бүгінгі ұрпаққа таныс емес. Бар-жоғы 28 жыл-ақ ғұмыр кешіп, асқақ та сырлы үнін құлақта қалдырған Темірхан әншіге атақты Ғарифолла Құрманғалиев «Мен өзімді таптым» деп баға беріпті.

Аралдық ақын Әбілхан Махановтың атақты «Аралым – айдын шалқарым» атты толғауындағы:

…Ізбасар, Набат, Күлімжан,

Нұрғали, Қойсын, Темірхан,

Шырқатып әнге салған жер.

Аралым, міне, осындай,

Өнер мен дәулет қонған жер, – деген жыр жолдары әншіге берілген тағы бір үлкен баға.

23 қараша күні А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Сыр елін әнге бөлеп, төл өнерді түлеткен Темірхан Ерғалиевтің 70 жылдығына орай «Туған дала төсінде, ән боп туған мен болам» атты дәстүрлі әншілердің облыстық байқауы өтті.

Конкурсқа облыс аудандары мен Қызылорда қаласынан 12 дәстүрлі әнші қатысып, өнер көрсетті.

Мәдениет саласының үздіктері – Шолпан Бейімбетова, Бағдагүл Есмұрзаева,  Серік Жақсығұлов секілді белгілі өнерпаздар қазылық жасаған байқауда өнер көрсеткен жастар Темірхан әншінің репертуарындағы шығармаларды орындады. Көрерменін еліктіріп, ыстық ықыласын иеленген жас таланттар бірінен бірі озды.

Байқау нәтижесінде белгіленген үш 3-орын қызылордалық Қуаныш Алғазиевқа, аралдық Ағдана Әбдіқадырқызына және шиелілік жас Мұхамедәлі Бекпейісовке берілді. 2-орынды Шиелі ауданынан қатысқан Нұртілек Ақтаев, 1-орынды аралдық Айтуған Сембаев алды. Бас жүлде қызылордалық жас дарын Зульфия Баймұрзаеваға бұйырды.  

Т.Ерғалиев 1952 жылы Арал ауданының «Ақшатау» елді мекенінде дүниеге келген. Бала кезінен Қызылжар ауылында өскен.

1973 жылы Алматыдағы эстрада және цирк студиясына оқуға түсіп, есімі республика көлеміне мәлім бола бастайды. Ол кезде теледидар жоқ, әнші Темірханның аты радио арқылы күллі елдің құлағына сіңеді. Студияны бітірген соң оны ұстаздары Алматыға алып қалғысы келеді. Бірақ, жас талант ауылына келіп қызмет етуді ойлап, елге оралады.

1975-1978 жылдары Қызылорда облыстық филармониясында жұмыс істеп, 1978-1980 жылдары Сырдария аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарады.

Тірі кезінде Темірханның әншілік өнері бағаланып үлгерген де жоқ. Әлі күнге оның репертуарындағы «Аралбай термесі», «Сүйген жар» термелерін дәл өзі сияқты ешкім орындамапты.

Халқына рухани қызмет еткен өнер тұлғалары ешқашан ұмытылмайды, олардың артына қалдырған мұрасы – өнері.

Осы қағиданы ұстанған Арал ауданы әкімдігі, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Арал аудандық мәдениет бөлімі әнші Темірхан Ерғалиевті есте қалдыру шараларын қолға алып, бұл байқауды әншінің 70 жылдығына арнап өткізді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<