Инновациялық идеялар фестивалі

1291

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімінің қолдауымен 15-16 желтоқсан күндері «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайындағы қорытынды іс-шарада облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жобаға қатысушыларды құттықтады.

– Бұл – талантты жастардың ІТ идеяларын жарыққа шығару, жаңа әлеуметтік жобалардың іске асуына қолдау көрсету мақсатындағы маңызды іс-шара. Фестивальда жеңімпаз атанған жобалар аясында ел үшін маңызды бастамалар жүзеге асады деген сенімдеміз, – деді Н.Байқадамов.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, облыс тұрғындарының IT саласына қызығушылығын арттыру және инновациялық IT жобаларды қолдауды мақсат еткен фестивальді облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ ұйымдастырған.

Фестивальға 1,5 мыңға жуық қатысушы мен 200-ге жуық команда тіркелген. Облыс жастарымен қатар, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан және Түркістан облысынан да талапкерлер қатысты. Жүлде қоры – 2 400 000 теңгені құрады. Екі күнге созылған іс-шараға қатысушылар 24 сағат ішінде ақпараттық технологиялар, контент және медиа, кино және видео, «Smart Qyzylorda» бағыттары бойынша өз жобаларын идеядан бастап прототипке дейін әзірледі.

Қорытындысы бойынша әр секциядан 3 команда жүлделі орындарға ие болды. Әр жеңімпаз командаға бірінші орынға 300 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Марапаттарды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов тапсырды.

Сонымен қатар, төрт қатысушы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының, бес адам «Болашақ» университеті ректорының грантын иеленді. Екі командаға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атынан бағалы сыйлықтар, тағы екі командаға «Болашақ» университеті атынан 50 мың теңгеден сертификат берілді.

Сондай-ақ, фестивальдің ұйымдастырушысы «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ атынан көптеген бағалы сыйлықтар табысталды. Фестивальдің ең жас қатысушысы Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылынан келген алты жасар Бағдәулет Ерболатұлына арнайы сыйлық табыс етілді.

Айта кетейік, фестиваль жаңа перспективалы инновациялық IT жобаларды анықтауға, идеяларын жүзеге асыруға, ресурстар, инвесторлар табуға, жобаны көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді.

Жоба серіктестері – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Astana Hub» халықаралық технопаркі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Болашақ» университеті, IT Park, «Абзал және К» ТС, «Транстелеком» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «JSoft» ЖШС, «Grand master» бағдарламалау мектебі» ЖШС, «Сыр үміті» жастар қауымдастығы, «Қазақстан ІТ мамандары ассоциациясы», «Qosyl» жастар орталығы, «Maнсап» мектебі, «IT Space» ЖШС, «Digital innovation and transformation» ЖШС, «Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС, «Kyzylorda Business Hub».

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<