Италия ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді

326

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары Президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталды. Екі ел басшыларының келіссөзіне дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация өкілдерін таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.

– Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі.

– Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл» энергетика туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды. Екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Римге сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп сенім білдірді.

Достық рәуіште өткен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Италия Президенті Мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Мұнан соң келіссөз дастарқан басында жалғасты.

Қазақстан Президенті мен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Италия жерінде құрмет көрсеткені үшін Джорджа Мелониге алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдастық, табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті.

– Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.

Қазақстан Президенті БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.

Джорджа Мелони қазақ-итальян қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізді.

– Сіздің бүгінгі сапарыңызды қазақ-итальян қарым-қатынасын одан әрі өркендету үшін зор мүмкіндік ретінде қарастырамыз,– деді Премьер-министр.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ «жасыл» энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

– Бүгінгі келіссөздер екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын қарастыруға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Президент.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Премьер-министрі бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отыр. Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты. Президент жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келе, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Президенттің айтуынша, көлік-логистика – ынтымақтастықтың тағы бір өзекті саласы. Қазақстан өңірлік хабқа айналу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында бірлескен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталып, Италия бизнес-элитасының назарын осы бағытқа аударды. Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы, Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді,  NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді, Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады.

***

Мемлекет басшысы Рим Папасының шақыруымен Қасиетті Таққа алғашқы ресми сапарын жасады.

Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді.

– Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отандастарымыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысында орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, барлық діндердің өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуда.

– Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.

– Сіздің ұстанымыңызды толығымен құптай отырып, біз көптеген айырмашылықтарымызға қарамастан, бейбітшілік идеяларын, мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалогты, әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың игілігі жолындағы дамуды ілгерілету үшін баршамызға бірлік керек екеніне сенімдімін. Ізгі ниет білдіруге уақыт жеткілікті, келіссөздер жүргізуге кеңістік те бар, даналық танытуға әлі де мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ белсенді саяси диалог жүргізіліп отырғанын, құқықтық базаны ретке келтіру, кеңейту үшін дәйекті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Қазақстан Президенті әлемдегі текетірестер мен алауыздық ошақтарын тоқтатуға бағытталған белсенді күш-жігері үшін Рим Папасы Францискке ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосуда. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына алғыс айтып, Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<