Ізденіс. Нәтиже. Бағдар

472

0

Еліміз тәуелсіздік алғалы мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүргізу мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқаны рас. Өйткені, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 6-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды» делінген.

Осы бағыттағы жұмыстарды ел көлемінде жүйелі атқару үшін жұмыла әрекет ету мақсаты қойылып, Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Нәтижесінде республика бойынша Тілдерді оқыту орталықтары  ашыла бастады.

Мұндай орталық біздің облыста  2008 жылы құрылып, өз жұмысын бастады. 2016 жылы облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді оқыту орталығы КММ болып қайта құрылды. 2018 жылы облыс әкімінің қолдауымен әр ауданнан 1 мемлекеттік тіл маманы, 1 орыс тілі маманы, 1 ағылшын тілі маманына жалпы алғанда, 7 ауданға 21 оқытушы  және 2 әдіскерге штат берілді.

Бүгінде орталықтың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

Әрине, «жаһандану дәуірі», «жасампаздыққа жол ашу» деген сөздерді кейінгі уақытта жиі қолданып жүргеніміз рас. Бұл қадамдарға жету үшін әр мақсат-міндеттің астары адамзаттың көзіне нұр, көңіліне сенім ұялататын білім, ғылыммен ұштасатыны белгілі. Бүгінде әр адам өз-өзін дамытып, білімге ден қою үшін ең алдымен тіл үйренуге ұмтылатынын көріп жүрміз.

Оған дәлел ретінде орталыққа еріктілердің, кәсіпкерлердің, этнос өкілдерінің, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен оқуға түсуші талапкерлер, ғылым жолына бет бұруға ниет еткен жастардың жиі хабарласатынын айта аламын. Хабарласушылардың өтініштері назардан тыс қалмайды, міндетті түрде топ жасақталып, өтініштері негізінде мемлекеттік, орыс және ағылшын тілі курстарын оқып, сертификат алады. Өткен жылдың нәтижесі бойынша 2200-ден астам мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкері, этнос өкілдері мен ерікті тыңдаушылар мемлекеттік тілді орталықтың әзірлеген оқу-әдістемелік кешендеріндегі түрлі дағдылар арқылы меңгерді. Биылғы алғашқы тоқсанда барлығы 621 тыңдаушы осы дағдылар арқылы тіл үйренудің тегін курстарынан өтті.

Биыл мемлекеттік тіл саясатын бекітілген функциялық бағыттар бойынша жүргізіп, оқытудың әдіснамасын жетілдіру, оқыту үдерісі мен қолданыс мәртебесін арттыру бағытында үздіксіз жалғастырып келе жатқан орталықтың құрылғанына 15 жыл толып отыр. Орталық қызметкерлерінің үздіксіз әрі үнемі әдістемелік және ғылыми тұрғыдағы ізденісінің нәтижесінде әр жылдары жоғары жетістікке жетіп жүргені көпке аян. Тек өткен жылдың еншісіндегі бағындырған белестің өзі республика көлеміндегі абыройымызды асырып, мерейімізді өсірді десек, асыра  айтқандық емес. Ересек азаматтар арасында тегін тіл оқыту курстарын, оқытушылар үшін заманауи талапқа негізделген түрлі форматтағы оқу-әдістемелік семинар-тренингтер ұйымдастыру бойынша былтыр республикада үздіктер қатарына ендік.

Сондай-ақ, «Үздік оқытушы» республикалық байқауында орталықтың кіші ғылыми қызметкері Алтынай Орынбаева бас жүлде иеленді. Бұл ұжым қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесіндегі жетістік деп ұғынатын болсақ, осы бағыттағы ізденіс әлі де толастаған емес. Бұл қарқынмен тоқтамауға жігер беретін бағыт-бағдар, жоба-жоспарларымыз да жеткілікті.

Осы ретте өткен жылы ғана орталық қызметкерлерінің құрастыруымен қазақ тілін қарапайым деңгейден бастап, жоғары деңгейге дейін оңай әрі жылдам үйренуге ықпал етуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағы республика көлемінде таратылды.

Жинақты баспаға даярлауға дейінгі редакцияны Н.Мусаева және Л.Ортаева басқарды. Сонымен қатар, орталық бағдарламашысы Ж.Шахизада, мемлекеттік тіл оқытушылары Б.Төребай, А.Таубай, А.Орынбаева, орталық кітапханашысы Ш.Қайбрахман, директор орынбасары Ж.Ерекешова – мәтіндер жинағының авторлары.

Сондай-ақ, авторлық құрамда гуманитарлық және филология ғылымдарының магистрлері де ғылыми тұрғыда ізденді. Кітапта қазақтың танымы мен тұрмыс-тіршілігіне айналған «Бата», «Әдет-ғұрыптар», «Өсиет, терме, ән-жыр», «Айтыс», «Шешендік сөз» үлгілері топтастырылды. Сандық технологияның жетістігі ретінде саналатын QR қосымшасын пайдалану арқылы аудиомәтін тыңдап, сол бойынша берілген бірнеше тапсырмаларды орындайды. Тапсырмалар мен мәтіндердің көлемі, мазмұны «жеңілден – күрделіге» принципімен негізделіп жасалды. Әрине, әр аудионы деңгейге сай өңдеп ұсындық. Қазақ билері мен шешендерінің өсиет, нақыл сөздері барынша меңгертуге жеңіл болатындай етіп құрастырылған.

Сонымен қатар, айтыс ақындары мен термешілер Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұр, Ақмарал Ноғайбаевалардың шығармалары қамтылған әдістемелік құралдың екінші бөліміне «Қазтест» жүйесі негізінде жасалған тест тапсырмалары орналастырылды.

Биылғы жылдың ақжолтай жаңалығы жуырда Атырау қаласында өткен республикалық «Үздік оқытушы» байқауында орталықтың Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова бас жүлдені иеленіп, қуанышымызды еселеді. Екі жыл қатарынан республикалық додада бас жүлдені иемдену орталық ұжымының қажырлы еңбегі деп білемін.

Тілді оқыту – күрделі әрі үздіксіз жүретін процесс. Олай болса, орталық жұмысы жаңаша бағытта көрінуі шарт. Бұл ретте екі бөлім де өз құзыреті шегінде жұмыс істеп келеді, яғни, оқу-әдістемелік бөлім тоқсандық, жартыжылдық, жылдық оқыту жоспарына сәйкес жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі, одан бөлек, «Сөйлеу мәдениеті» бойынша курстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Орталық жанынан құрылған ғылыми-әдістемелік кеңестің іс-жоспарына сәйкес бекітілген  «Сыр бойының жер-су атаулары» және «Тыңдаушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуда қолданылатын оқылым және жазылым тапсырмалары» тақырыбында әдістемелік көмекші құрал әзірлеу жоспарда тұр. Мақсаты – шағын мәтіндер арқылы тұрғылықты жерде орналасқан тарихи-мәдени орындар, аңызбен ұштасатын топонимдерді таныстыру.

Екінші әдістемелік құрал бойынша тыңдаушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар мен кванттелген мәтіндер салынады. Орталық мамандары осылайша, мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуімен қатар, курс тыңдаушыларына арналған тыңдау, айту, сөйлеу, жазу сауаттылықтарын дамыту, тереңдете оқыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруға өз үлестерін қосып келеді.

Ж. ЕРЕКЕШОВА,

облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<