Экономикалық еркіндікке бір қадам

2261

0

Мамырдың басында Мемлекет басшысы бәсекелестікті дамыту, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту және бизнес шығындарын қысқарту арқылы кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы ырықтандыру шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін мемлекеттік активтерді кең көлемде жекешелендіруді, жаңа квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий енгізуді, сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуының заңнамалық негіздерін қайта қарауды тапсырды.

Президент жарлығы – ел басшылығы үшінші жыл жүргізіп келе жатқан экономиканы ырықтандыру саясатының жалғасы. 2022 жылы халыққа Жолдауында Президент әділ және ашық бәсекелестікті қамтамасыз ету, экономикада да, саясатта да барлық жасанды монополияларды жою қажеттігін айтқан еді. Бір жылдан кейін Үкіметтің ортамерзімді бағдарламасында кәсіпкерліктің барынша еркіндігінің жаңа принципі жарияланды. Осылайша, ел басшылығы экономикалық еркіндік туралы дәйекті түрде айтып, бірте-бірте мәлімдемелерін нақтылай түсуде.

Fraser Institute рейтингінде еліміз экономикалық еркіндік бойынша әлемде 58-орында. Бұл рейтинг 2021 жылға арналған деректерге негізделген, сондықтан Үкіметтің соңғы шаралары онда әлі көрсетілмеген. Соған қарамастан, Қазақстан – қазірдің өзінде ТМД аумағында ең еркін экономикасы бар елдердің бірі. Былтырғы рейтингте республикамыз Орталық Азия елдері мен Ресейден алда тұр.

Рейтингті әзірлеушілер Қазақстанның күшті жақтары ретінде салыстырмалы түрде төмен салықтар мен қалыпты мемлекеттік шығындарды көрсеткен. Бірақ сот жүйесінің тәуелсіздігі, сыбайлас жемқорлық пен бюрократизацияның жоғары деңгейі, сыртқы сауда мен капитал қозғалысын шектеу сияқты бірқатар проблемалар да бар. Бұл ретте, елдің экономикалық еркіндіктегі табысы БАҚ-та жарыса талқыланбағанымен, күнделікті жаңалықтардан әлдеқайда маңызды екені сөзсіз. Себебі, бұл халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін мәселе.

Экономикалық еркіндік – елдің әлеуетін арттыратын бірінші фактор. Өркендеудің кепілі. Зерттеулер Сингапур, Швейцария және Гонконг сияқты экономикалық еркіндік деңгейі жоғары елдерде азаматтардың әл-ауқатының да өте жоғары екенін көрсетіп отыр. Экономикалық еркіндікпен бірге келетін материалдық әл-ауқаттың өсуі өмір сүру ұзақтығы мен сапасына қатты әсер етеді. Экономикалық өсу тамақтанудың, санитарияның және денсаулық сақтаудың қолжетімділігін жақсартады. Зерттеулер көрсеткендей, экономикалық еркіндік өзінің әл-ауқатына әсері арқылы қоғамдық денсаулықты жақсартумен, соның ішінде ана мен бала өлімінің төмендеуімен тығыз байланысты. Осылайша, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің небәрі 5%-ға төмендеуі табысы төмен және орташа елдерде бала өлімінің 1,5%-ға артуына әкелуі мүмкін.

Сонымен экономикалық еркіндік – белгілі бір мағынада өмір мен өлім мәселесі. Өмір ұзақтығы мен өлім жиілігі тікелей әсер ететін фактор. Сондай-ақ қоғамдық келісім мен гендерлік теңдіктің негізі. Ол тек материалдық әл-ауқатқа септігін тигізіп қоймайды. Сонымен бірге неғұрлым әділ және үйлесімді қоғам құруда басты рөл атқарады. Зерттеулер көрсеткендей, зорлық-зомбылық, соның ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеуі де экономикалық еркіндікпен байланысты.

Қоғамдық келісімнің негізгі аспектілерінің бірі – гендерлік теңдік. Экономикалық еркіндік әйелдерге білім алуға, еңбек нарығына және кәсіпкерлікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Fraser Institute зерттеулері бойынша экономикалық еркіндік деңгейі жоғары елдер гендерлік теңдіктің жоғары көрсеткіштеріне ие.

Ал елімізде гендерлік теңдік саласындағы ілгерілеушіліктерге қарамастан, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болып қала береді. Жақында қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңмен бірге Президенттің экономикалық еркіндікті кеңейту туралы Жарлығын осы проблеманы шешудегі маңызды қадамдар ретінде қарастыруға болады. Себебі, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі зорлық-зомбылық қаупін де азайтады. Президенттің 10 мамырдағы Жарлығы осы тұрғыдан да маңызды.

Басқаша айтқанда, қоғамның ілгерілеуі адамның әлеуметтік жағдайы тұрғылықты жері немесе тегі арқылы анықталатын жүйеден адамдар арасындағы ерікті келісімдерге негізделген жүйеге өтуден тұрады. Бұл – кез келген адам ұмтылатын өз жолын еркін таңдау және өз өмірін ерікті келісімдер мен ынтымақтастық негізінде құру мүмкіндігі. Мұндай жүйеде әрбір адам қоғамға сіңірген еңбегі мен үлесіне қарай бағаланады.

Бұл ретте Президент Жарлығы қаншалықты орындалатыны әзірге белгісіз. Бірақ дұрыс бағыттағы қарапайым қадам болары анық.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<