Электронды іс жүргізу: Облыс алдыңғы қатарда

165

0

Ұлттық заңнамада орын алып жатқан өзгерістер, тергеу мен сот тәжірибесі, заң нормаларын қолдануда туындайтын мәселелерді талқылау ұдайы өткізіліп келеді. Дәстүрлі жиынға облыстағы құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық сот төрағасы және сот өкілдері қатысып, пікір алмасты. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында электрондық форматта тергеліп, сотқа жолданған қылмыстық істерді қарау барысында туындаған мәселелер, кемшіліктер және істерді сотта қарауда орын алған заң бұзушылықтар барысы айтылды. 

Облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың айтуынша, 2022 жылы электрондық форматта тергелген 1108 қылмыстық іс сотқа жолданса, өткен жылы оның саны 1516-ға жеткен. Осы жылдың 4 айында сотқа 468 іс жолданып, былтырғы жылмен салыстырғанда 27%-ға өскен. Прокуратура органдары тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан қылмыстық ізге түсу органдары электрондық форматта қылмыстық іс жүргізу барысында процессуалдық кемшіліктер мен заң бұзушылықтарға әлі де жол беріп отыр.

Өз кезегінде аймақтағы құқық қорғау, сот және тергеу саласының өкілдері  электрондық форматта тергелетін істердегі кемшіліктер мен заң бұзушылықтар және басқа да қиындықтар бойынша баяндама жасап, пікір алмасты. Сондай-ақ жаңа форматқа көшуде бірлесе жұмыс жасау үшін ортақ шешімге келді.

Айта кетейік, қылмыстық іс жүргізу процесі қағаз күйінен электрондық форматқа көшірілді. Қазіргі уақытта тергеушілер, прокурорлар, судьялар тиісті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, жұмысы оңтайландырылуда.

Барлық тексеру мен тергеу әрекеттері тек электрондық форматта жүргізіледі. Бұл – өз кезегінде уақытты үнемдеуге, процестің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың негізсіз қудалауына жол бермеудің жаңа тәсілі. Сондай-ақ тергеу мен қадағалау, сот актілердің сапасы жақсаруда.

Жалпы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні облыста электронды форматта іс жүргізу 98%-ды құрап, Қызылорда облысы республикада алдыңғы қатардан көрінді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<