Кәсіпкер құқығы қорғалды

489

0

Арал ауданында кәсіпкерден негізсіз төлем сұратқан білім саласының 43 өкілі тәртіптік жазаға тартылды. Себебі, олар мектепте орналасқан асханадағы ас мәзірін «Kundelik.kz» «Mektepmenu.kz» сайттарына орналастыру үшін ай сайын 6 мың теңге бөлуді сұрап, хат жолдаған.

Бұл жөнінде кәсіпкерлер өткен жылдың соңында облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінген еді. Мәселе палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды.

Арал ауданындағы «Қамқор-тұтыну» ЖШС директоры З.Өтенов мектеп басшыларымен ыстық тамақ беру қызметін көрсетуге келісім-шарт жасайды. Алайда, өткен жылдың  қыркүйегінде білім беру орнының басшысы ас мәзірін «Kundelik.kz» сайтына орналастыру үшін ай сайын ақша төлуді сұрап, хат жолдайды. Мұндайды аудандағы өзге де мектептер талап еткен. Кәсіпкер алтауына бір айдың қызмет ақысы есебінде 42 мың теңге төлейді. Одан әрі жағдайы келмейтінін айтып, кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалына жүгінген.

Аудандық филиал директоры Нұрсәуле Ембергенова түйткілді мәселеге құқықтық баға беру үшін аудандық прокуратураға хат жолдап, жағдайды облыстық кәсіпкерлер палатасына жеткізді. Заңгерлер мәселені жан-жақты зерделеп, оны кеңесте талқылауға шешім қабылдады.

– Кеңес құрамында кәсіпкерлерден өзге құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Оған кәсіпкер онлайн қатысып, проблемасын жан-жақты баяндап берді. Кеңес мүшелері бірауыздан мектеп басшыларының әрекеті заңсыз екенін айтты. Облыстық прокуратура өкілі кәсіпкердің шағымы негізінде аудандағы өзге де мектептердегі жағдайға талдау жасайтынын жеткізді, – дейді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салауат Құлмахан.

Жақында Арал ауданының прокуроры Мадияр Бекпанов палатаға жолдаған хатында кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз төлем жасатқаны анықталғанын атап өтті. Заң бұзушылықтар бойынша білім бөліміне ұсыныс беріліп, негізсіз төленген 500 мың теңгеге жуық қаржы 8 кәсіпкерге қайтарылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<