Кейдендіктер перзентін ұлықтады

1975

0

Жаңақорған ауданының Кейден аулынан өнер зерттеушісі, этнограф, ақын Сейсен Мұқтарұлының атына көше берілді.

Көшенің ашылуында ауылдық округ әкімі С.Кенжебаев сөз сөйлеп, туған жер перзентін есте қалдыру шарасының ұрпаққа үлгі екенін айтты. Сонымен бірге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Әбжанов, еңбек ардагерлері П.Мүзарапкеліні, Т.Әшімұлы, ақын Ф.Сахиев, ұстаз Б.Тоқтыбаев, ішкі істер саласының ардагері, қаламгердің інісі О.Мақсұтұлы және туған апасы Қ.Мұқтарқызы, басқа да кісілер сөз алып, тұлғаға құрмет көрсеткен жергілікті билік иелеріне, тағылымды істің басында жүрген Ақниет Мұқтаровқа алғыс білдірді.

С.Мұқтарұлы – қазақ әдебиеті тарихына үлкен әріппен жазылған есім. Ол қаламгерлер сирек ат ізін салатын күрделі де қиын тақырыптарды індете зерттеп, соңына іргелі еңбектер қалдырды.

Қазақтың салт-дәстүрін, халқымыздың өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы тағдырын, түркі абызы Қорқыт бабаның тұлғасын, ұлт перзенті Шоқан Уәлихановтың еңбегін С.Мұқтарұлы секілді зерттеген жазушы некен-саяқ.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Ғабит Мүсіреп «Шоқан және өнер» кітабына беташар сөз жазып, бұл кітаптің оқушыға берер тағылымы, тәрбиесі туралы айтса, белгілі әдебиет зерттеушісі, жазушы Қ.Салғарин «Қорқыт ата» дастанын поэзияның биік шыңы деп бағалаған. Осының өзі-ақ С.Мұқтарұлының қазақ әдебиетіндегі дара орнын көрсетеді.

Кезінде жазушының «500 сұраққа жауап», «Күн желкен», «Құм кешкен керуен», «Кәмпеске» аталатын кітаптары оқырманның қолдан-қолға тигізбеген көркем дүниелері болды. Бұл кітаптарды оқу арқылы әрбір жас халқымыздың қаһарман бейнесін жақыннан тани түседі. Ғаламтор көзінде отырған кейінгі буын бір сәт С.Мұқтарұлы шығармаларын да қолға алса, сұлулық пен рухқа сусаған жан әлемін байыта түсері сөзсіз.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<