Кенеден кесел күшейіп тұр

993

0

Кейінгі жылдары елді елең еткізген жайттар көбейді. Сыр өңірінің шаруаларын су тапшылығы мен қуаңшылық алаңдатса, биыл бұған тағы бір уайым қосылды. Өйткені Сырда улы кене көбейіп, оның соңы өлімге әкелген жағдай бар. Иә, күн жылып, кене көбейгелі малды былай қойғанда адамнан да маза кетті. Бүгінде «кенеден қалай құтыламыз?» деген сұрақ тірлігін төрт-түлікпен байланыстырған ауылдағы ағайынның көкейінде жүр.

Аймақта Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) эпидемиологиялық ахуалы қиындап барады. Бүгінде облыс бойынша 33 науқас тіркеліп, оның 14-і нақтыланған.

– Қазіргі таңда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып, 1 науқас ем алуда. Тиісті медициналық ем-шаралары қолданылған 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды. Өкінішке қарай, 4 адам кене шағып қаза тапты. Науқастанғандардың үшеуі 30 жастан асқан ересектер болса, біреуі 11-ші сынып оқушысы. Қайтыс болған науқастар – Қызылорда қаласы, Жалағаш, Шиелі аудандарының тұрғындары, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.

Оның айтуынша, облыстық медициналық емдеу алдын алу ұйымдарында аса қауіпті жұқпалы аурулармен  жұмыс жасауға дәрі-дәрмектер мен қорғаныс киім жиынтықтары толығымен қамтамасыз етілген. Соған қарамастан ажалдың құрығынан төртеуінде алып қалу мүмкін болмаған.

Осы тұста бізді «жағдай неге мұншалықты ушығып кетті?» деген ой мазалады. Әуелі соңғы статистикаға үңілдік. Жалпы, былтыр кене шағудың 238 жағдайы анықталса, биыл 601 дерегі тіркелген. Қараңызшы, небәрі бір жылда көрсеткіш үш есеге өскен. Сонымен қатар, кененің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары. Былтыр аймақта 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына қосылған болса, биыл олардың саны 116-ға жеткенін сала мамандары да растап отыр. Жалпы, кененің бой бермей, белең алуын облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова былай түсіндірді.

– Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан, яғни, мұнда аталған инфекцияның қоздырғышын тасымалдайтын иксодты кенелердің 16 түрі мекендейді. Бұрын саны әлдеқайда аз болатын. Оның көбею себебі – облысқа сырттан көптеп мал әкелінуінде. Кейінгі жылдары өзге облыстан келіп мал саудалайтындар көбейді. Міне, сол жануарлармен кене де ілесе келеді. Бұған ветеринария мамандары бақылау жасап, әр малды жіті тексеру керек. Бұл – бір. Оның үстіне кенелердің белсенділігі жаз мезгілінде арта түседі. Себебі далалық жұмыстар, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қызатын шақ бұл. Сондай-ақ табиғат аясына серуендеушілер қатары көбейеді. Міне, осыдан соң кенеден зардап шегу жағдайы арта түседі, – деді ол.

Маманның айтуынша, биыл КҚГҚ-ның жаңа микроошақтарын анықтау мақсатында 40 мыңнан аса кене жиналып, зерттелген. Оның басым  бөлігі жануарлардан және ауру ошақтарынан жиналған. Барлығы 4527 сынама жасалып, 127-сінен оң нәтиже анықталған.

Осыдан кейін қолайсыз елді мекендердегі санитариялық  қорғаныс аймақтары, қора жайлар, буферлік аймақтар кенеге қарсы түгел залалсыздандырылыпты. Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және тағы басқа қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті мөлшерде жасақталған.

Ветеринарлар не дейді?

Мына жайтты естіген соң, мәселенің анық-қанығына көз жеткізейік деп «кенеден амансыздар ма? Ауылда мал шығыны бар ма?» деп шаруалармен хабарласқан едік.

– Кенеден келетін кесел азаймай тұр. Бұл жәндікпен барынша күресудеміз. Ектіріп те, улап та жатырмыз. Несін жасырайық, мал шығыны бар. Екі тай, бір дөненім өлді. Кене ірі қарада да көп. Әл бермей тұр. Сорақысы, автокөлікке, аяғымызға ілесіп үйге де келеді. Сырт киімімізді барынша тазалап, ауыстырып-ақ жүрміз. Сонда да азаяр емес, – дейді ақсуаттық шаруа Асхат Көбеков.

Шаруалардың уәжі осылай. Ал облыстың ветеринариялық ұйымдарының мамандары «негізгі атқаратын жұмыстарынан тыс, КҚГҚ ауруының алдын алу бойынша көктемгі-күзгі эпидмаусымдарда тиісті іс-шараларды жүргізудеміз» – дейді. Сала мамандарының пікірінше, кенеден құтылудың бір жолы – «Ивермектин» препараты. Дәрінің күші малдың бойында 35 күнге дейін сақталып, кенелер біртіндеп өле береді екен.

– Ивермектин – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға түйе мен сиыр, қой мен ешкіге пайдаланылады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса  ішкі құрылысындағы көптеген зиянды құрттарды жойып, малдың тез оңалуына септігін тигізеді. Кейінгі бірнеше жылда мал иелерінің өз қаржысы есебінен ауыл шаруашылығы жануарлары алдын ала егілуде. Бұл препаратты пайдалану үнемді әрі тиімді, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Оның айтуынша, қазір өңірде бірнеше кене мал-жанға аса қауіпті болып тұр. Соның бірі – «иксодид» кенелері.  Бұл жайылым кенелерінің аналығы 3 мыңнан 15 мыңға жуық жұмыртқа салады да тіршілігін тоқтатады. Ал осы тұқымдасқа жататын «Гиаломма» кенелері көбінесе ірі қараның паразиті саналады. Ересек кенелер малды мамыр-тамыз айларында, ал балаң кенелері мен нимфалары қыркүйек айында талайды. Осы иксодид тұқымдасына жататын «Дермацентор» кенелері төрт түлік малдың бәрінде кездеседі екен.

– Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы жануарларының жайылымдық кенелерден зардап шегіп жүргені жиі айтылуда. Биыл да кенелердің облыс аумағында көп екендігі байқалады. Осы ретте, әрбір мал иесі жайылымға шығарар алдында ірі қараларын инсектициттермен өңдеп, уақ малды қырыққан соң қотыр ауруының алдын алу шараларын уақытылы жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, жануарлар жайылғаннан кейін денесінің кенеден тазалығын тексеріп, жүні аз немесе жоқ жерлерді (құлағы, кеудесі) қарау керек. Кене болса, бірден оны жоюдың амалын жасаған жөн. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарларын өңдеу үшін «Неоцидол», «Деазинон» сияқты ветеринариялық препараттар қолданылады, – деді қалалық ветеринариялық пункт меңгерушісі Ербол Жүгінісов.

Айта кетейік, бүгінде қолайсыз елді мекендерде залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттың жобалық есебі нақтыланып, облыстық ветеринария басқармасы тарапынан облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынылды. Енді сәтін салса, 488 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары және көлемі 2043 мың шаршы метрді құрайтын 32 мыңнан аса қора мен аумағы 680 мың шаршы метр болатын 1,2 мың суат пен шаңлақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмек. Демек, алда кесірлі кенеден зардап шеккен, тірлігін төрт түлікпен байланыстырған шаруалар жұмысы едәуір жеңілдейтін болады.

Кене несімен қауіпті?

Бұл сауалды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымоваға қойдық.

Оның айтуынша, бұл майда паразиттер көктемнің алғашқы сәулесімен тіріліп, белсенділігі арта бастайды. Нақтырақ айтсақ, олардың ең белсенді уақыты – сәуір мен маусым айлары. Тамыздың соңында кенелердің екінші өмірі басталады, яғни, ересек дернәсілдер әрі қарай даму үшін қан соруға кіріседі. Жалпы, кененің шағуы аса қауіпті емес, алайда, кенелер көптеген аурулардың таратушысы болып саналады. Олардың ішінде ең қауіптісі – энцефалит пен бореллиоз. Бұл аурулар жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін, тіпті, адамды мүгедек етіп, соңы өлімге әкелуі де ғажап емес. Бұл аурулардан өзге кенелер бабезиоз, геморрагиялық безгек риккетсиоз, туляремия, эрлихиоз және тағы басқа ауруларды таратады.

Ал кене шағу симптомдарын қайдан білуге болады? Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап қатты ауырады. Беттің, арқаның, кеуденің, көздің қызаруы да аурудың белгісі. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді. Аурудың асқынған түрі тіпті қиын. Мұны ойласаң, денең еріксіз тітіркенеді. Жалпы, сала маманының сөзінен бұл кесірлі жәндіктің қаншалықты қауіпті екенін аңғару қиын емес шығар.

Қалай қорғану керек?

Мұны бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы айтып берді.

Оның айтуынша, кенеден қорғанудың түрлі жолы бар. Соның бәрін тізбей, маңыздысына тоқталайық. Әуелі, дене мен киімді қорғайтын әртүрлі заттарды пайдалануға, ұсақ паразиттер көрініп тұратын ашық түсті киім киюге, шөптің үстінде көп жүрмеуге, егер ауа температурасы қолайлы болса, арқаны, мойынды жауып ұстауға, бас киім киіп жүруге мән берген жөн. Содан соң, табиғат аясында демалғанда немесе мал қорадан келгенде құлақтың арты, бас, шаш, саусақ арасын тексеріп барып, үйге кірген ләзім.

Тағы бір ескере кететін жайт, бұл жәндіктен тарайтын ауру адамға сіз бен біз байқай бермейтін жолмен де жұғады екен. Ол былай. Мысалы, кенені жалаң қолмен жұлғанда немесе қой қырқымы кезінде кенені езіп тастап, оның қаны денеңіздің зақымдалған бөлігіне тисе, дереу дәрігер көмегіне жүгінген жөн.

– Тұрғындар арасында кене шағу жағдайларына немқұрайлықпен қарап, үй жағдайында өздігінен емделіп, ауруды асқындырып, ауыр халде жансақтау бөліміне түсетін фактілер орын алды. Биыл қайтыс болған 4 адамның біреуі үйінде ем жасаймын деп соңы өлімге әкелді. Сол себепті тұрғындарға кене шаққан жағдайда дәрігердің тағайындауынсыз ем жүргізбей, жедел түрде медициналық ұйымдарға қаралуға кеңес беремін, – деді Жангелді Мырзагелдіұлы.

Сөз соңы. Кене бұрыннан бар, яғни, кенеттен келген жоқ. Тек кейінгі уақытта қисапсыз көбейгені көптің көңілін күпті қылып тұр. Енді малды былай қойғанда адамның өзі зардап шегіп тұр ғой. Халық болса, ырыс-несібесі болған, тіршілігінің тірегіне айналған төрт түлік малы үшін алаңдап отыр. Алаңдамай қайтсін, қаптаған кене кетпесе, тұрғындарға қиындық туғызары анық. Сол себепті кенемен күресу және алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу керек. Әйтпесе, оның адамға да, мал шаруашылығына да зардабы шаш-етектен. Оның дәлелін жоғарыда айтқандаймыз.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<