Кеңестің кезекті отырысы

466

0

Осы аптада облыстық қоғамдық кеңестің құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті, білім басқармасы, білім саласындағы бақылау департаменті, тексеру комиссиясы, ішкі мемлекеттік аудит департаменті, қазынашылық департаменті басшылары және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, есепші мамандар қатысты.

Комиссия отырысын қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Хожбанов және  аталған комиссия төрайымы Л.Бақтыбаева жүргізді.

Жиынның күн тәртібінде облыстағы орта білім беру ұйымдарының 2020-2022 жылдар аралығындағы еңбекақы төлеу қорындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары А.Ашимов баяндама жасады.

– Кейінгі үш айда облыс мектептерінде аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша сегіз қылмыстық іс тіркеліп, келтірілген залал 446 млн теңгені құрады. Мысалы, Жаңақорған ауданы мектептерінің бірінде директор мен бухгалтер, қаражаттарды аудару тетіктерін өзінің жеке мүддесіне пайдалана отырып, ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу, яғни, жеке сәйкестендіру нөмірі мен банктік есеп-шоттарын өзгерту арқылы мемлекеттен бөлінген қаржыны жұмыстан шығып кеткен азаматтардың және өзінің жақын адамдарының атына аударған. Нәтижесінде, 117,2 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.

Көрсетілген фактілерді ескере отырып, департамент тиісті мониторинг жүргізіп, нәтижесінде, бір елді мекенде орналасқан, мұғалімдер штаты  шамалас мектептерге еңбекақы төлеу қоры қаражаты 2-3 есе айырмашылықпен бөлінгенін анықтады. Бұл өз кезегінде бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты игерілуіне күмән тудырады, – деді департамент басшысының бірінші орынбасары.

Ол осы келеңсіз жағдайларды ескере отырып, 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілетінін жеткізді.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Д.Момбектің баяндамасында қоғамдық кеңестің қарауына ұсынылған фактілер бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жұмыстары нәтижесінде қолды болған қаражатты жергілікті бюджетке өндіру шаралары іске асырылып жатқаны айтылды.

Күн тәртібінде қаралған мәселеге байланысты комиссия мүшелері А.Әбибуллаева, Ж.Бекішев, Ә.Жақанов, С.Жеңісұлы, С.Теңізбаев орын алған қылмыстық фактілердің себеп-салдарын талқылай келіп, тиісті ұсыныстарын айтты.

Комиссия отырысының қорытындысымен, көтерілген мәселелер бойынша департамент ұсыныстары қолдау тауып, облыстық білім басқармасына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оған қарасты ұйымдарда қаржылық тәртіптің сақталуын күшейту жөнінде тиісті ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің және бюджет қаражатын жымқырудың алдын алу үшін қоғамдық кеңес өкілдерін жоғарыда аталған сыртқы талдау жұмысына қатысуға шақырды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<