«Кітап құрттары» сотталғандарға кітап сыйлады

728

0

ЗК-169/1 тергеу изоляторы қамауында отырған сотталған азаматтар арасында кітап оқитындардың саны күн сайын артып келеді. Осыған орай мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары әділет майоры Қайрат Олжабаев  кітапхана қорын арттыру әрі соталғандарды тәрбиелеуге пайдалану мақсатында  жан-жақтан кітап  сұрастыру жұмыстарын жүргізді.  Сондай белсенді іс-әрекет барысында кітапхана қоры 70-ке жуық  кітаппен толықтырылды

  – Бұл кітаптардың алғашқы  легіне  қаламыздағы  жастар арасында  құрылған «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі  Талғат Меңдібай ұйымдастырған «Кітап сыйла» акциясы аясында қол жеткіздік. Талғат Амангелдіұлы  қоғамның патриоттық, рухани-адамгершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға, өз үлесін қосып жүрген  азамат.  Қаламызда әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, өскелең ұрпақты кітап оқуға үндеп «кітап құрттары» болуға, жастарды креативті ойлауға шақырады. Бұл жолы Фейсбук парақшасында «Кітап сыйла» акциясы болатындығы жайлы хабарлады. Соның нәтижиесінде көшілік ортасынан  жетпіске жуық  кітап жиналып, барлығы дерлік тергеу изоляторына алып келді. Енді бұл кітаптар арнайы сараптамадан өтіп,  мекеме кітапханасына тапсырылады, – дейді майор Қ.Олжабаев.

Ұйымдастырылған акция жөнінде:

– Маған тергеу изоляторынан кітап қорын арттыру мақсатында көмектесуімді өтінді. Осыған сәйкес, фейсбуктегі парақшамда кезекті «Кітап сыйла» акциясын ұйымдастырдым. Акция бойынша белгіленген уақытта мекен-жайы көрсетілген жерге қаламыздың азаматтары өз еріктерімен кітаптарын әкеліп тапсырды. Өкінішке орай, теміртордағы азаматтардың электронды кітаптар мен ақпараттық порталдарға қолы жетімсіз. Бірақ,  көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді демекші, ойдың жүйріктігін жетілдіріп, ұтқырлығын оздыратын, рухани тәрбие беретін құнды қазына – кітап екені ақиқат. Сондықтан да бүгінгі акция барысында жиналған кітаптарымыздың қателік жасап жазаға тартылған адамдарды тәрбиелеуге, рухани байытуға, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға игі әсері болады деп ойлаймын, – деді Т.Меңдібай.

Тағы бір айта кетерлігі, креативті ойларымен ерекшеленіп жүретін азамат алдағы уақытта сотталғандарды кітап оқуға тарту мақсатында тың идеяларын білдірді. Мекеме бастығының орынбасары бұл идеяларды жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс жасаймыз деген уәдемен қайтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<