Көлік кілті – медицина мекемелеріне

316

0

Жедел және кезек күттірмейтін дәрігерлік көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында медициналық мекеме ұжымдарына арнайы көлік кілттері табысталды. Тұңғыш Президент күніне орай өткен салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

– Елбасы Н.Назарбаев әрбір Жолдауында адами капиталды дамытуда халық денсаулығын нығайту маңызды екенін ерекше атап өтеді. Мәселен, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұ­мсалатын қаражатты ішкі жал­пы өнімнің 10 процентіне жеткізуді тапсырды. Қазір өңі­рімізде саланы ілгерілету бо­йынша қарқынды жұмыс жүр­гізілуде. Соңғы 5 жылда республикалық және об­лыстық бюджет қаражаты есе­бінен апатты деп танылған ме­дициналық нысандардың 64 процентін жаңадан салуға мүм­кіндік туды. Соның ішінде біз Арал, Қазалы, Шиелі аудандарынан аурухана салуға қол жеткіздік. Сондай-ақ, Жалағашта орталық аудандық аурухана құрылысын қар­жыландыру мәселесі шешіліп, құрылыс ақпан айында бас­талады деп жоспарланды. Медицина саласына мем­­ле­кеттік-жекеменшік әріп­тес­тікті тартып, 61 жобаны қарас­тырып отырмыз, бұл республика бойынша үздік көрсеткіш, – деді облыс әкімі.

Шара барысында жергілікті полиция қызметінің жол бойындағы 30 бригадасына зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қоб­дишасы берілді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким жедел-жәрдем, полиция, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, газбен қамту, анықтама қызметі біріктірілген «Бірыңғай ке­зекші диспетчерлік 112» қызметі жобасын таныстырды.

Айта кету керек, өңірде «2018-2019 жылдарға ар­налған жарақат алу және жа­затайым оқиғалар, оның ішінде жол-көлік апаты ке­зіндегі медициналық көмек көрсетудің интеграциялық мо­делін енгізу бойынша» Жол картасы бекітілген. Оның аясында 2016 жылдан бері облыс тұрғындарына трав­матологиялық көмек көр­сетудің 3 деңгейлі жүйесі ұйым­дастырылыпты. Бұдан бө­лек, жедел жәрдем қызметі облыс бойынша емделушілер туралы барлық деректер базасын басқаратын бірыңғай ор­талыққа шоғырландырылды.

Мөлдір Қалымбет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<