Көктем шуағындағы шапағатты шақ

533

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

Іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрден орын алған сырбойылық тыл еңбеккерлерін, көпбалалы аналар мен түрлі салада  еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді құттықтады.

– Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана сіздерге арналады. Барша ақжаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін.

Өткен жылы «Анаға тағзым» орталығының құрылысы басталды. Биыл мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Орталықта аналарға бағытталған оқулар ұйымдастырылады, психологиялық көмек көрсетіліп, балаларға арналған үйірмелер жұмыс істейді. Отбасы мен аналардың жағдайын жақсартуды көздейтін шаралар атқарылады. Сонымен қатар, өңірімізде Неке сарайының, Өнер орталығының, Қан орталығының да құрылысы жүріп жатыр.

Жыл ішінде 19 жаңа балабақша ашылды. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер есебінен қала және аудандарда 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. Қызылорда қаласында көпбалалы және аз қамтылған 100 отбасыға пәтер кілті табысталды. Сол жағалаудан Оқушылар сарайын салуды қолға алдық. Бұл – жасалып жатқан жұмыстарымыздың тек бір бөлігі ғана. Осының барлығы облыс халқының тұрмыс сапасын жақсартуға және қолайлы өмір сүруіне оң әсер етеді, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті эстрада жұлдыздары әсем ән шырқады, мың бұралған бишілердің өнері де көктем мерекесінің ажарын аша түсті. «Бала бақыты» би композициясын орындаған бүлдіршіндер залдағы аналарға құттықтау хаттарын табыстады.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<