Көз жұмғандар саны 18 мыңнан асты

390

0

Түркияның төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) кешегі мәліметі бойынша 18 342 адам көз жұмып, 74 242 адам зардап шеккен. 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болған. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Табиғи апат көршілес Сирияға да әсер етіп, елдің солтүстігінде ғимараттар қирады. Екі елде де қайтыс болғандар саны үнемі өсіп келеді. Ал кеше түстен кейін Кахраманмараш провинциясының маңында магнитудасы 4,8 балл жаңа жер сілкінісі болды. Осы уақытта Түркия Twitter мен TikTok-қа кіруді шектеді деп хабарланды.

Қазақстан Үкіметі Түркияға гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлді. Бейсенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырды.

Еске салсақ, қазақстандықтар Түркия халқына көмек ретінде 100-ге жуық киіз үй жібереді. Сондай-ақ, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы, еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның алапат зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жолдау бойынша белсенді жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін сомасы шамамен 160 мың АҚШ долларын құрайтын көмек жиналып, жөнелтілді.

Қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлердің екі тобы қазір түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшелон 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда аттанған еді. Алғашында қазақстандық бортпен 16 адам, екінші бортпен 64 адам Түркиядан елімізге жеткізілді.

9 ақпанда Газиантептегі объектілердің бірінде еліміз мамандары үйінді астынан 3 адамды құтқарып алды. Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды.

Сондай-ақ Түркияның Хатай провинциясында болған жер сілкінісі салдарынан екі қазақстандық қаза тапты. Провинцияға қарасты Антакья қаласында жүргізілген іздеу жұмыстарының барысында 9 ақпан күні үйінді астынан екі адамның мәйіті табылды. Оның біреуі түркиялық Құбылай Кескин болып шықты. Екінші мүрде  Әділ Қадырбековтікі. Оны марқұмның туыстары растады. Ал кеше Мирболат Құрмашевтың денесін құтқарушылар үйінді астынан алып шыққаны белгілі болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<