Мәдениет үйіндегі мезеттер

1289

0

Қызылордадағы бұрынғы «Бумажник» мәдениет сарайы 2003 жылы қазақ ән өнерінің сандуғашы Мәдина Ералиева атына берілген еді. Келесі жылы осы оқиғаға 20 жыл болмақ.

Бұл мәдениет үйінің биік еңсесі алыстан көз тартады. 380 орындық концерт залы, «Ақбаян» музей бөлмесі бар, жүзге тарта мүшесі бар әртүрлі 10 үйірме жұмыс істеп келеді.

Менің осы мәдениет үйіне басшы болғаныма екі жылға жуықтады. Қызметтің алғашқы кезеңі пандемиямен тұстас болды. Сондықтан ең әуелі жұмысты онлайн танымдық айдарлардан бастадық. «Айтыстағы айшықты ойлар», «Күй керуені», «Сырдың сырлы саздары», «Парасатты поэзия», «Жыр отау» сынды бірнеше танымдық бағытта айдарлар дайындап, әлеуметтік желідегі парақша арқылы көпшілікке ұсынып келе жатырмыз.

Өткен жылы Домбыра күніне орай белгілі композитор, Сыр бойы күй мектебінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұстаз Тасболат Ысқақов атындағы домбыра үйірмесін аштық. Үйірмеде домбыра жайлы, Сырдан шыққан күйші-композиторлар жайлы танымдық көрнекіліктер ілінген және дәулескер күйшінің суреттері, өмір бойы тартқан домбырасы тұрған тұғыр да дайындалған. Қазір жиырмаға жуық жас өнерпаз осы үйірмеде сабақ алып жатыр. Олар бірнеше аймақтық конкурстың жүлдегерлері атанып та үлгерді.

Биыл жыл соңына дейін қаһарман әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы аясында әйгілі әншінің атында вокал үйірмесін ашпақпыз. Бұл кезде осы бағытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Үйірмеден хор және жеке жас әншілер сабақ алатын болады. Бұл бағытта мәдениет саласының үздігі Ләйла Оразқызы мен белгілі әнші Жұмабай Шерниязовтан жеке сабақ алатын жас таланттар жетерлік.

Жыл сайын дәстүрлі түрде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан мектеп оқушылары арасында көркем оқу сайысы дәстүрлі өтіп келеді. Сондай-ақ, қаладағы кішкентай балғын балаларды өнерге тәрбиелеу мақсатында балабақшалар арасында «Бал бала» сайысы биыл 15-рет ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жырларын жатқа оқудан оқушылар арасында «Назым сөздің шебері» атты сайыс биыл қала бойынша тұңғыш ұйымдастырылды. Былтыр облыстық клуб кәсіпорындарының байқауына қатысып, М.Ералиева мәдениет үйі «Үздік клуб-2020» номинациясына ие болып, 2-дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Нұрмат МАНСҰРОВ,

М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<