Маңызды екі мәселе

311

0

Үкімет отырысының күн тәртібінде су тасқынының зардаптарын жоюда қолға алынған шаралардың орындалу барысы қаралды. ҚР Төтенше жағдайлар министрі мен өңір әкімдері қалыптасқан жағдай туралы баяндады.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

– Еліміздің солтүстік, батыс өңірлеріндегі жағдайға байланысты Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарына барған 99 құтқарушы және 12 арнайы техника, 8 қайық, 30 мотопомпа, Ақтөбе облысында 10, Атырау облысында 46 арнайы техника жұмыс жасауда. Сондай-ақ 408 адам, 33 техника Батыс Қазақстан облысына жолданды. Осы аймаққа 101 арнайы техника жіберілген. Тапсырма берілгенге дейін 6 техника жұмылдырылды.

Судан зардап шеккен өңірлерге Қызылорда облысынан көмекке барған арнайы техникалардың жағдай оңалғанға дейін жұмыс жасауын, кейін аймаққа жеткізілуін қадағалау керек. Ал бекітілген міндеттерді атқарып, жұмысты аяқтаған техникаларды бері қарай қайтаруды ұйымдастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте Қызылорда қаласына Атырау облысынан келген 100-ден астам адамға көмек көрсету, оларды жайлы орынмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, «Телікөлге» жиналған суды тиімді пайдалануды ұйымдастыру тапсырылды.

Үкімет отырысының күн тәртібінде сондай-ақ тұрғын үй құрылысын дамыту және проблемалық жобаларды аяқтау мәселесі қаралды.

Бұл ретте облыс әкімі тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді.

– Осы жылы бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1269 пәтерлік 67 тұрғын үй салынады. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 296 жаңа пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге қаржы бөлінген.

Жақында Үкімет 2024 жылы экономикалық өсімді қамтамасыз етудің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Онда құрылыстың нақты көлемінің индексін 2023 жылға қарағанда кемінде 110 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысы көлемін 2,5 млн шаршы метрден 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайту шаралары қабылданған. Аталған мәселе бойынша 26 наурыздағы мәжілісте кезек күттірмейтін бірқатар тапсырма берілді, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі күнге қала және аудандарда 1816 пәтер салынуы жоспарланып, оның 1316-ның құрылысы басталған. Барлық ауданда мердігерлер анықталған. Нұрлыбек Машбекұлы қала және аудан әкімдеріне сатып алынуы жоспарланған тұрғын үйлердің жерін рәсімдеуді, инженерлік инфрақұрылыммен қамтуды және оларды сатып алу конкурстарын ұйымдастыруды бүгіннен бастау керектігін ескертті. Құрылыс жұмыстарының мерзімінде әрі сапалы жүргізілуі қатаң бақылауға алынуы тиіс. Үкімет қаулысында Еуропалық даму банкінің 300 млрд теңге нарықтық қаражатын тартып, «Отбасы банкі» арқылы жаңа ипотекалық бағдарламаны 2024 жылдың мамырында іске қосу тапсырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<