Мақсат – қолжетімді онлайн қызметтердің сапасын арттыру

833

0

Кеше ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қызылорда қаласында болып, бірнеше мекеменің жұмысымен танысты. Министрмен бірге облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің “Байқоңыр” кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай болды. Өңірге сапары барысында министр алдымен №3 қалалық емханаға барды. Мұнда дәрігерлермен әңгімелесіп, ақпараттық жүйелерде жұмыс істеуде қандай мәселелер барын сұрап білді

– Мемлекет басшысы медицина саласын цифрландыру бағытында маңызды міндеттер қойып отыр. Негізгі мәселе – келушіге ыңғайлы әрі тиімді жағдай жасау. Сондықтан алдымызда қолжетімді онлайн қызметтердің санын көбейту мақсаты тұр. Бұған дейін мен бірнеше өңірді аралап шықтым. Сонда медицина мекемелерінде ақпараттық жүйемен жұмыс істеу кезінде дәрігерлер науқастың тарихын толтыруға көп уақыт арнайтынын байқадым. Мәселен, дәрігер ақпараттық жүйені толтыру үшін 60%, ал пациентті қабылдау үшін 40% уақытын жұмсайды. Осы мәселені шешу жолында біз ақпараттық жүйелерді әзірлеушілермен тиісті жұмыстарды атқарамыз, – деді министр.

Кездесуде емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова маммографиялық аппараттың PACS жүйесіне қосылғанын айтты. Бүгінде мұны облыстың 13 медициналық ұйымы қолданады екен. Аталған жүйе пациенттің ауруының тарихын бірнеше дәрігердің бір жүйеден көруіне және уақытты барынша үнемдеуге көмек береді.

Емхана интернет желісімен толық қамтылған. Ал тұрғындарға «еgov» электронды үкімет веб порталы арқылы дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу және бастапқы медициналық-санитариялық ұйымға тіркелу қызметтері қарастырылған.

– Мұнда 2018 жылы шағын Call орталығы ашылды. Орталыққа дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, ОСМС сұрақтары, ауруханаға жатқызу порталы туралы, шағым, алғыс және тағы да басқа сұрақтар бойынша хабарласуға болады. Айта кетейін, пациенттің өзіне-өзі қызмет көрсету үшін де 3 терминал орнатылды. Онда барлық дәрігерлердің жұмыс кестесі көрініп тұрады, яғни, келген пациент өзі қалаған дәрігердің қабылдауына алдын ала жазыла алады, – деді Гүлстан Әубәкірқызы.

Кездесу соңында министр облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдармен тығыз жұмыс істеп, цифрландыру бағытында жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Мұнан соң министр жергілікті халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсенің  жұмысымен танысып, цифрландыру жөніндегі барлық шешімдер бірінші кезекте азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын айтты. Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметтің басым бөлігін еGov порталы МGov мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Қазірдің өзінде Қазақстан азаматтарына жеке куәлік, вакциналау төлқұжаты, туу туралы куәлік және басқалары бар, жалпы саны 18 негізгі құжат цифрлық форматта қолжетімді.

– Азаматтар еш қиындықсыз кез келген уақытта сапалы қызмет алулары тиіс. Халыққа қызмет көрсету орталығы техникалық ақауларды болдырмай, қызметтердің ұсынылуын үздіксіз қамтамасыз етуі керек, – деп атап өтті Бағдат Батырбекұлы.

Айта кетейік, аталған цифрлық кеңседе І жартыжылдықта азаматтарға 22 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ендігі міндет – барлық салада цифрландыруды жетілдіру арқылы қызмет сапасын арттыру. Министр алда бұл бағытта толымды жұмыстар жасалатынын айтты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Достық үйінде» өңір тұрғындарымен кездесті. Алдымен министр елдегі цифрландыру жұмысының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталып, алдағы жоспарынан хабардар етті. Сонымен бірге интернет желісіне қолжетімділікке байланысты өзекті мәселелерді де ортаға салды.

–    Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін азаматтарға  «еgov» онлайн немесе Mgov мобильдік қосымшасы арқылы қолжетімді еттік. Сіздердің қажеттіліктеріңізге  бағытталған сервистерді енгізу барысында ең көп сұранысқа ие 18 құжат цифрлық форматқа көшірілді. Олар: жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, ПЦР-нәтижесі, туу және неке туралы куәлік және басқалар. Осы құжаттарды танымал қосымшалардың көмегімен пайдалануға мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде, халық осы қызметті Kaspi және Halyk сияқты қосымшалар арқылы 8 есе жиі пайдалануда. Өздеріңізге белгілі,  Мемлекет басшысы осы айдың 15 шілдесінде Заңға қол қойып,  электронды құжаттардың қолдану аясының кеңеюіне жаңа серпін берді.  Енді электронды құжаттар  қағаз құжаттармен тең дәрежеге ие. Түрлі мекемелерге барғанда құжаттардың түпнұсқаларын өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Бұл өте қолайлы. Бұдан бөлек, осы Заң аясында ауылдық елді мекендерде тұратын қазақстандықтар үшін «Қазпошта» АҚ инфрақұрылымы базасында халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігінің цифрлық нүктелері ашылады. Енді компьютері немесе интернетке қолжетімділігі жоқ ауыл тұрғындары цифрлық нүктелердің көмегімен өздері қалаған мемлекеттік қызметтерді ала алады, сондай-ақ аудан орталықтарына немесе қалаларға бармай-ақ, мемлекеттік органдарға электрондық өтініштер жібере алады.

Заңмен Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу куәліктерін беру тәртібі өзгертілді. Енді туу, неке, ажырасу, қайтыс болу туралы  куәліктер мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін азаматтың «egov»-тағы жеке кабинетіне түсетін болады. Бұл ретте куәліктердің қағаз нұсқасын алу құқығы өтінішхат берілген жағдайда сақталады.

Жалпы, Заң мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтар мен бизнес үшін әртүрлі шығындарды азайтуға, ауылдар мен қалалар тұрғындарының цифрлық теңсіздігін төмендетуге, мемлекеттік аппаратты ұстауға жұмсалатын шығындарды қысқартуға, қабылданатын басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге, мемлекеттік органдардың қайталанатын функцияларын қысқартуға мүмкіндік береді, –  деді министр.

Цифрландыру дәуірінде халық кезекте тұрмауы тиіс.  Бұрынғыдай табан тозып, есік жағалап жүрудің де қажеттілігі шамалы. Қолыңызда интернетке қосылған ұялы телефон болса жетіп жатыр. Үйден шықпай-ақ қажетті ақпаратты алуға, түрлі қызметтерге жүгінуге болады. Тіпті бала дүниеге келгенде берілетін туу туралы куәлікті алу үшін ХҚКО-ға барудың да қажеті жоқ.  Қазір бала туылған кезде анасына СМС хабарлама арқылы растау жүргізіліп, туу туарлы куәлік автоматты түрде рәсімделеді.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жер қатынастарын цифрландыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Цифрлық карта еліміздің барлық аумағының жер ресурстары туралы ақпаратқа толық қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Бағдат Мусин бұл ретте жер учаскелерін берудің бүкіл процесінде трансформациялау процесі жүріп жатқанын мәлімдеді.  Түрлі түсініксіз тәсілдердің орнына цифрлық бақылауы бар нақты цифрландырылған процесс енгізілетінін, қызмет көрсету мерзімі 1 жылдан 20 күнге дейін қысқаратынын да жеткізді.

Байқасаңыз көпшілік Halyk және Kaspi платформалары арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланады. Мысалы, сыртқы платформалар арқылы автокөлікті қайта ресімдеп, ЖК тіркеп, бала туу бойынша жәрдемақыға өтініш бере алады.  Десе де цифрлық кезеңде алаяқтық деректердің көбеюі де алаңдатарлық жағдайға айналды. Мәселен, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға өзге адамның кіріп, ал оның иесі шын мәнінде келмегендігі анықталған. Осындайлардың кесірінен елде жол қозғалысы оқиғалары да артқаны белгілі. Министрлік өткен жылдың күзінде алғаш рет Биометрия технологиясының енгізілгенін хабардар етті. Нәтижесінде емтихан тапсыру коэффиценті төмендеген. Айталық, өткен жылдың I жартыжылдығында теориялық емтиханды сәтті тапсырғандардың саны 104 мыңнан асса, биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 41 мыңға дейін төмендеген.

Көрсетілетін қызметтердің ыңғайлылығы мен сапасын БҰҰ сияқты халықаралық институттар саралап отырады. Біздің еліміз онлайн қызметтерді дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 11-ші және «электрондық үкіметті» дамыту индексі бойынша жалпы 29-шы орында екен. Ал халықаралық электрбайланыс одағының киберқауіпсіздік индексі бойынша біз 31-орынға табан тіреппіз.

Былтыр 232 млн қызмет көрсетілсе, оның ішінде 90%-дан астамы электрондық форматта жүзеге асқан. Жыл сайын eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы алынатын қызметтер саны да өсіп келеді. Егер 2020 жылы смартфон арқылы 9 млн қызмет алынса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 19 млн қызметке жеткен. Облыс бойынша  өткен жылы 5,5 миллионнан  астам қызмет көрсетіліп, оның ішінде электрондық нысанда – 89% құраған.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырмағанын сынаған еді. Цифрлық даму министрі сыннан қорытынды шығарып, бірнеше мәселені қолға алатынын да айтып өтті.

–    Денсаулық сақтау саласы бойынша цифрландыруға қатысты сын айтылды. Жыл соңына дейін біз осы бағытта бірқатар жобаларды жүзеге асырамыз. Денсаулық сақтауды цифрландыру тәсілдері қайта қаралатын болады. Медициналық көмек көрсетудің есепке алу үдерістерін жаппай автоматтандырудан алыстау қажет және созылмалы ауруларды басқаруға, олардың профилактикасына және сауықтыруға, жалпы ауруларды ерте анықтауға баса назар аударылған. Қазіргі уақытта денсаулық паспорттарын цифрландыру халықтың атаулы профилактикасын қамтуды ұлғайтты, мысалы, флюорографиялық тексеру бойынша 30%-дан 70%-ке дейін. Медициналық қызметкерлер пациенттерді скрининг туралы хабардар етуге уақыт жұмсамайды, енді бұл мобильді қосымша арқылы автоматты режимде болады. Өнімсіз еңбекті оңтайландыру есебінен медперсонал жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты одан әрі күшейту қажет. Сіздердің облыстарыңызда ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін жасанды зердені енгізу арқылы жобаны іске асыру басталды. Жасанды интеллект маманның назарын патологиялық өзгерген аймақтарға аударады, осылайша диагноздың сапасы жақсарады, – деді Бағдат Батырбекұлы.

Сондай-ақ, министр әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырылуда екенін де мәлімдеді. Жоба шеңберінде отбасын бағалау өлшем шарттары негізінде автоматты режимде әрбір отбасының, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж әрбір отбасының әл-ауқат деңгейі айқындалатын болады. Айталық, кедейлік шегінен төмен тұратын, жұмыспен қамтылмаған, тұрғын үйі, кәсіптік білімі немесе дағдылары жоқ, денсаулығы нашар, балалары балабақшалар мен мектептерге бармайтын, «заң проблемалары» бар адамдар. Отбасыларды және мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж адамдарды айқындау қорытындылары бойынша проактивті форматта атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, жұмысқа орналастыру, денсаулық сақтау, білім беру қызметтері және құқықтық көмек сияқты іс-шаралар ұсынылады. Жалпы, жоба мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардың «шынайы бейнесін» көруге, проактивті мемлекеттік қолдау   көрсетуге, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды үнемі бақылауға және сүйемелдеуге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, Бағдат Мусин қазіргі уақытта 48 бизнес-процестің реинжинирингі жүргізіліп, оларды бекіту жөніндегі жұмыс салалық мемлекеттік органдармен пысықталуда екенін жеткізді. Интерактивті карта осы жылдың соңына дейін қолжетімді болмақ. «Цифрлық жер қойнауы» деректер қоры 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында толық іске асырылатынын хабардар етті.

Тағы бір жағымды жаңалық, енді түрлі ұйымдарға әрбір қазақстандықтың өзі ұсынған деректерді қайтарып алу мүмкіндігі бар. Қызметтерді алу, тұлғаны растау, цифрлық құжаттарды сақтау үшін цифрлық сервистерді кеңінен қолдану арқылы азаматтардың дербес деректерінің таралып кету қаупі артады. Мұндай деректер – аты-жөні, ұялы телефондар, электрондық пошта, тұрғылықты мекен-жайлар және т.б. азаматтарды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәлімет. Азаматтарға өздерінің дербес деректерін жалпыға қолжетімді көздерден алып тастау мүмкіндігі берілген. Ол үшін «Келісімдер базасы» іске қосылған, демек дербес деректерге азаматтың өзінің келісімімен ғана қол жеткізе алады.

Кездесу барысында тұрғындар интернет желісі сапасының нашарлығына шағым айтып, қалаға жақын елді мекендер мен ауылдарда мүлдем жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ, байланыс операторларының қызметіне көңілі толмайтындықтарын да ашып айтты. Екі жыл пандемия кезінде сабақтың онлайн өтілуіне байланысты желінің сапасыздығынан оқушылардың толыққанды біліммен сусындай алмағанына ата-аналар реніштерін білдірді. Аудан тұрғындары да толғандырған сауалдарын жолдады. Мәселен Арал ауданының тұрғыны Бауыржан Жылқышыбаев байланыстың жоқтығынан Тастүбек елді мекеніндегі ата-анасымен хабарласа алмай отырғанын айтады. Министр елді мекенде 250-ден асатын тұрғын болған жағдайда ол жерде интернет желісі тартылатынын мәлімдеді.

– Жалпы  Арал ауданында 76,4 мың адам болатын 50 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 33 елді мекен 3G/4G мобильді байланыс технологиялары бойынша кеңжолақты қолжетімділік қызметтерімен қамтамасыз етілген. Халық саны 250 адамнан кем ауылдық елді мекенді «Востоктелеком» ЖШС жыл соңына дейін (Қаратерең, Хан ауылдарын) интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлауда.  Көктем, Горшок, Тастүбек  разъездерімен 83 Теренбес, 84 құм Сағыз разъездері бойынша геостационарлық емес спутниктік жүйелер есебінен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда, – деді министр.

Облыстағы 880 мың адам немесе халықтың 98,9%-ы сымды және сымсыз байланыс технологиялары (3G, 4G) бойынша КЖҚ (кеңжолақты қолжетімділік) қызметтерімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 9,6 мың адам немесе халықтың 1,1%-ы бар 42 елді мекен тыс қалып отыр. Ал 4 ауылдық елді мекен салық жеңілдіктері шеңберінде «Востоктелеком» ЖШС КЖҚ-мен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, 18 елдімекен бойынша геостационарлық емес спутниктік жүйелер есебінен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда. Халық үшін кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында геостационарлық емес спутниктік жүйелер орналастыру үшін OneWeb, Space X және SET компанияларымен жұмыс жүргізілуде. Жоба 2023 жылы іске аспақ.

Облыс тұрғындарымен кездесуден кейін Бағдат Батырбекұлы жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, министрліктің  алдағы міндеттері туралы ой бөлісті.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<