Мектепті тиімді басқару: Тәжірибе. Ізденіс. Нәтиже

703

0

Ағымдағы жылдың 24 ақпан күні Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейінде «Мектепті тиімді басқару: тәжірибе, ізденіс, нәтиже» атты облыс көлемінде мектептің өзіндік ерекшеліктерімен, жұмыс жасау бағытымен таныстыру, мектепішілік жобаларды жүзеге асыру бойынша тиімді тәжірибесін ұсыну мақсатында кездесу болып өтті. Іс-шараға Қызылорда облыстық оқу орталығының директоры С.К.Асқаров, Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Г.М.Абдазиева, аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Ш.М.Наукебаева және облыс көлемінде маңызға ие мектептердің директорлары мен сыйлы қонақтары қатысты.

Шара барысында келген меймандар барабаншылардың ұсынған композициясынан керемет әсер алып, арнайы оркестр шығармашылығын тамашалады.

Кездесуді ашу үшін алғысөз алған білім бөлімінің басшысы Г.М.Абдазиева облыс көлемінде өткізіліп тұрған аталмыш іс-шараның маңызын, тәжірибе алмасудағы рөлін ерекше атап, Ж.К.Тлеугабылова бастаған мектеп ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, шалғайдан келген қонақтарға алғысын білдірді.

Аталмыш шара аясында тағылымды тарихы бар мектептің тынысы мен жетістіктеріне арналған бейнероликтен кейін қонақтар мектеп жанынан құрылып, Халықаралық байқаулардан жүлделі орынға ие болып жүрген «Робототехника» үйірмесінің жұмысымен танысты.

Тәжірибелік кездесудің маңызды бөлігінің бірі – 2022-2023 оқу жылының 30 қарашасы күні ашылған «Обсерватория» кабинетінің жұмысымен танысу болатын. Обсерваторияда заманауи жабдықталған құрал-жабдықтар, аспан әлеміне үңілуге мүмкіндік беретін жетіқарақшы сынды басқа да жұлдыздармен көмкерілген кабинеттің жоғары бөлігі – білім алушыларды астрономияға біртабан жақындатып, оларға телескоп арқылы аспан әлемін зерттеп игеруге жол ашуда екеніне дау жоғын сезінген қонақтар бұл бастамаға толағай табыс тіледі. Сонымен қатармектептің білім, ғылымнан бөлек, қолөнер еңбегімен айналысатын білім алушылардың жұмыстарына арналған арнайы шығармашылық залды тамашалау арқылы рухани серпіліп, дебат орталығының мүшелері ұйымдастырған дебат ойынын және тағы бір айтар жоба – 3 тілде театрлық қойылымдар қойып жүрген мектеп театрының мүшелерінің арнайы қонақтар үшін дайындаған ағылшын тіліндегі «Harry Potter» қойылымының куәсі болды. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласындағы «В.Челомей атындағы Мәскеу ғарыш мектеп-лицейімен» бірлесе атқарып келе жатқан «Ракета ұшыру» жобасының нәтижесі ретінде, кездесудің соңғы сәттерінде оқушылар жасаған ракеталар ұшырылды. Бұл мектеп қабырғасында жүргізіліп отырған жұмыстардың шынайылығын көрсетті.

Кездесу қортындысында Қызылорда облыстық оқу орталығының директоры Сырым Асқаров: «Бүгінгі куә болып отырған жұмыстар бір күннің емес, бірнеше жылдардың жемісі мен нәтижесі» деп баға беріп, ұжымның еңбегін жоғары бағалады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<