Мемлекеттік сатып алу бір орталықтан жүзеге асады

342

0

Биылғы жылдың 8 айының қорытындысымен облыс бюджетінің түсімдер болжамы 102,7 процентке орындалды. Келер жылы мемлекеттік сатып алуда үлкен өзгерістер болмақ. Бір орталықтан басқару жүйесіне өтетін  бұл пилоттық жобаға Қызылорда облысы қатысушы болып айқындалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтылды.

Биылғы жылдың бірінші жар­тыжылдығында атқарыл­ған жұмыстар туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанзира Ерсейітова БАҚ өкілдеріне баяндады.

Облыстық қаржы бас­қармасы басшысының ай­туынша, 8 айдың қорытындысы бойынша облыс бюджетінің түсімдер болжамы 102,7 процентке орындалған. Облыс бюджетінің кірісі 103,6 процентке орындалса, Арал ауданы 100,4, Қазалы ауданы 100,8, Қармақшы ауданы 100,3, Жалағаш ауданы 101,9, Сырдария ауданы 102,6, Шиелі ауданы 101,5, Жаңақорған ауданы 102,4, Қызылорда қаласы 103,4 процентке орындаған.

– Биылғы жылдың 1 қыркүйегіне облыс бюджетінің шығыстар жоспары 98,8 процентке игерілді, игерілмегені – 2,2 млрд теңге, оның ішінде 468,7 млн теңге үнемделген қаржы болса, 1741 млн теңге басқа себептермен игерілмеген, – дейді Т.Жақыпбаев.

Бұл орайда басқарма басшысы қаржының игерілмеу себебін түсіндірді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен конкурста ұтылған мекеме сотқа шағымдануы немесе жеңімпаз мекеменің өз міндетін уақытылы орындамауынан қаржы игерілмеуде.

Биыл мемлекеттік сатып алу бойынша 78 млрд теңгенің 1693 конкурсы жарияланды. Бүгінде оның 1469-ы аяқталып, 5 млрд теңге үнемделген. Келер жылы бұл саланы айтарлықтай жаңалық күтіп тұр. 2020 жылы барлық мемлекеттік сатып алулар орталықтандырылған түрде бір жерден өткізілетін болады.

– Қызылорда облысы 2020 жылдан бастап Қаржы ми­нистрлігі жүзеге асыры­тын пилоттық жоба­­ның қатысушысы болып айқын­далды. Жобаға Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қос­танай облысы қатысады. Бұл кәсіби мамандарды бір орталыққа жұмылдыру ар­қылы жүзеге асып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, – дейді  Ж.Ерсейітова.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<