Мерген

1527

9

Кеңес-герман соғысының ардагері Жантілеу Бержанұлы Қарымсақов 1926 жылы Қазалы ауданындағы Қарашеңгел ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. 1943 жылы аудан орталығындағы теміржолға қарасты № 67 (қазіргі № 70) мектепті бітірді. 1944 жылы соғысқа шақыру қағазын алды. 1944 жылдың қаңтар-маусым аралығында жарты жылдық қысқа мерзімді мергендер дайындайтын курста оқып болғасын, бірден майданға жіберілді. Бұл кезде Кеңес армиясы елді фашист басқыншыларынан азат етіп жатқан уақыт болатын.

Мерген Жантілеу Қарымсақов генерал-полковник Галицкий басқаратын №18 гвардиялық танк дивизиясы құрамында болып жаудан Украина жерін азат ету шайқастарына қатысты. Украинаның Волынск облысы, Львовь қаласына қалдырылды. Себебі, фашистер шегініп бара жатырып, өздерінің сыбайластары Степан Бандера басқарған Украин ұлтшылдар отрядына (ОУН) партизан соғысын жүргізу үшін қару жарақтың мол арсеналын тастап кеткен. Сол қару жарақ қоры оларға 1950 жылға дейін соғысуға жеткен болатын.

Бандеровшылармен соғысу өте қиын болды, күндіз шаруа болып егін егіп, мал бағып өз тіршілігін істегенмен, түнде қолына қару алып колхоз төрағаларын, партия мен комсомол белсенділерін өлтіріп, әскери бөлімдерге шабуыл жасап тұрды. Осыған байланысты мергендерге зор міндет жүктелді, түнде тасада жасырынып отырып, орманнан шығып келе жатқан бандеровшылардың басшыларын атып, қатты састырды, сол кезде біздің әскер де оларды жойып отырды. Мұңдағы соғыс герман жеріндегі соғыстан да қауіпті еді. Онда жау белгілі, бұл жақта жау күндіз қасында жүретін.

Соғыстан соң мергендігімен көзге түскен Жантілеу Қарымсақовты керек маман ретінде № 26045 әскери бөлімшеде аға сержант шенімен атқыштар бөлімшесінің командирі қызметінде қалдырды. 1950 жылы 28 қаңтардағы Кеңес үкіметінің дембилизация туралы қаулысының санатына ілініп елге қайтты. Майдандағы ерлігі үшін Жоғары Бас қолбасшының Алғыс хатымен және бірнеше медалімен марапатталды (әр медаль астарында бір ерлік бар)

Қазалыға келгесін 1951-1954 жылдары камсыздандыру ГОСТРАХ мекемесінде инспектор, 1954-1961 жылдары поселкелік кеңесте, аудандық атқару комитетінде инспектор, 1961-1965 жылдары аудандық статистика бөлімінде инспектер, 1965-1986 жылдары ет комбинаты директорының орынбасары, аудандық тұтынушылар одағында товаревед, санитарлық-эпидемологиялық станцияда қызмет істеп «Еңбек ардагері» медалін тағып құрметпен зейнеткерлікке шығарылып салынды. 1987 жылы 25 тамызда 61 жасында өмірден озды.

Құдай қосқан қосағы тыл және еңбек ардагері, «Алтын алқа» иегері Күлзадамен бірге 9 баланы дүниеге әкеліп, тәлім тәрбие беріп, барлығына жоғары білім алуына жағдай жасады. Жантілеу ағамыз көре алмай кеткен қызықты Күлзада апамыз құдай берген 15 немереден тараған 18 шөбересінің ортасында, Жантілеу ағамыз қорғап қалған бейбітшілік заманда бақытты ғұмыр қызығын көруде.

Балалары Айымторы инженер, Айшагүл педогог, Бағдагүл товаравед, Дәметкен құрылыс инженері болып қызмет істеп зейнеткерлікке шықса, Дәмелі теміржолға қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде, Күланда теміржол көліктік жоғары колледжде мұғалім, Бақыт Алматыда құрылыс инженері, Айып инженер-механик, Рысбек әскери күзетші болып қызмет жасап жүр.

Осындай үлгілі отбасының басшысы болған Жантілеу ағамыз елімізге қатер төнгенде соғысқа аттанып, еліне қорған бола білгені үшін Жеңіс күнінде еске алудың орны бөлек қой деп есептеймін.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<