Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде не өзгерді?

629

0

Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады. Жүйенің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері, сондай-ақ, дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.

Биылдан бастап ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге дейін  артқанын ескере отырып, әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2450 теңгені (3,5%*70000 теңге), ал ең жоғары мөлшері 17150 теңгені (3,5%*7*70000 теңге) құрайтын болады.

Әлеуметтік аударымдардың уақытылы түсуі әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік төлемнің 2 түрінің параметрлері өзгерді. Бірінші, жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем, ол жүйеге қатысушыға жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыстыру коэффициентіне байланысты болады.

Биылдан  бастап кірісті ауыстыру коэффициенті 45%-ға дейін артады, бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің орта есеппен 13%-ға өсуіне әкеледі. Айта кету керек,  1 қаңтардағы жағдай бойынша нақты төлем алушыларға 45% коэффициенті қолданыла отырып, біржолғы қайта есептеу автоматты түрде жүргізілетін болады. Облыс  бойынша  931 алушыға төлем мөлшері ұлғайтылды.

Екінші, бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемге қатысты.  Бүгінде бала 1 жасқа толғанға дейін тағайындалатын болса, 1 қаңтардан бастап төлем ұзақтығы 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Әлеуметтік төлем  мөлшері кейінгі 2 жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. 1 қаңтарындағы жағдай бойынша балалары 2022 жылы туған нақты алушыларға төлем автоматты түрде ұзартылады. Облыс бойынша 5751 алушыға төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды.

Сонымен қатар, атап өтетін жайт,  жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша қордан ұзақмерзімді әлеуметтік төлемнің 2 түрі төленеді. Қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төленеді. Ал асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем асырауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда  23 жасқа дейін төленеді. Сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын артады.  1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 8,5%-ға өсті. Облыста  2921 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 2590 асыраушысынан айырылған отбасына төлемдер мөлшері ұлғайтылды. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады.

Сондай-ақ, төлемдерді қайта есептеу, арттыру және ұзарту автоматтандырылған режимде жүргізілетінін, яғни алушыларға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткен жөн.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты қордың gfss.kz интернет-ресурсы арқылы, сондай-ақ қор мен филиалдардың әлеуметтік желідегі аккаунттарынан алуға болады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<