Мұғалімдер тәжірибе алмасты

962

0

Жамбыл атындағы №120 орта мектепте «Әдістемелік вернисаж − 2023» апталығы өтті. Оған түрлі тақырыптар бойынша сала мамандары қатысты.

Бағдарламаға сәйкес «Syr sandyq» жобасы негізінде «Ой − сізден, сыйлық − бізден» тақырыбында қоян мен робот кейіпкерлер «Хабаршы» бөлігінде ашық хат таратты. Оқушылардың  бос уақытын тиімді пайдаланудағы үйірме жұмыстарын  ақпараттандыру мақсатында «120 жәрмеңке» ұйымдастырылды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде аймақтық мектеп мұғалімдері, кітапханашылары мен қалалық білім бөлімінің әдіскерлері Нұржан Қуанышбай мен Ғалия Ибрагимованың қатысуымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің талғамы биік қаламгер Ғ.Мүсірепов шығармасындағы ана тақырыбы TEDx форматында кеңінен талқыланды.

Директордың бейінді ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Алтыбаева «Таңдау. Талғам. Мамандық» тақырыбында кездесу өткізді. Оған 10-11 сынып оқушылары мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары Оразхан Айдаров, Бекзат Нұрмағанбетова,  магистр Шолпан Капанова мен Рауа Айтманбетова, Сәндігүл Дәрібаева қатысты. Ғалымдар болашақ мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталды. Кітапханашы Гүлнар Баймағанбетова және тәлімгер Ботагөз Жұмабекованың «Book Time-2023» танымдық сайысына мектеп педагогтерінен құралған 6 команда қатысып, ұжым болып кітап оқып, өз жобаларын ұсынды.

Мұнан соң «Инклюзия-мүмкіндік» тақырыбында педагогикалық-психологиялық қолдау қызметінің жұмысына қалалық білім бөлімінің әдіскері Ақерке Мұратбаева, №1 ППМК басшысы Сәлима Шаймерденова, аймақтағы мектептерден педагог-психологтар қатысып, дефектолог Салтанат Жұматайдың ерекше білімді қажет ететін оқушымен жұмысын көрді. Химия пәнінің мұғалімі Сәуле Сейтімова «Периодтық жүйедегі орны бойынша элементтің сипаттамасы» атты ZOOM платформасымен вебинар сабақ өтті. Ал информатика пәнінің мұғалімі Айзада Белдебекова «Тармақталу алгоритмдерді программалау» сабағында ерекше білім беруді қажет ететін оқушыға қолданылатын әдіс-тәсілдерін бөлісті. Педагог-психолог Гүлбану Төреханова және әлеуметтік педагог Гаухар Жұмахметова өткізген «1+1=5» тимбилдингте сала мамандары командалық жұмыстың маңыздылығын түсінді.

Апталықтың тағы бір күнінде «Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» тақырыбындағы іс-шарада М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушысы, мәншүктанушы Бақытжан Ахунов әріптестеріне тарих пәні бірлестігінің «Мәңгілік ел алыптары» сағатында екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов пен Кеңес одағының батыры М.Мәметова туралы қызықты деректерді бөлісті. Мұнан соң «Көлеңкелі театр» үйірмесінің қойылымын тамашалады.

Аталған білім ордасында алғашқы әскери дайындық кабинетінің материалдық базасы мол. Пән мұғалімі Арман Қалыбеков − педагог-сарапшы, шені − запастағы лейтенант. Ол әріптестеріне кабинеттегі оқушыға әскери білім беруге қажетті құралдар, қаруларды көрсетті. «Қазақстан қарулы күштері» туралы айтып, еліміздегі әскери роботехника мен әскери округ түрлері, әскери тәртіп, әскери борыш туралы мол мағлұмат берді. «Айбын»  әскери-патриоттық бағыттағы үйірме жұмысымен таныстырды.

«Тәжірибе алаңы» күнінде мектеп директоры, бастауыш сынып мұғалімі Ануза Шамшатова әдебиеттік оқу пәнінен «Адамның табиғатқа бейімделуі» атты ашық сабақ өтті. Тәжірибелі педагог түрлі платформаларды пайдаланып, шығармашылық, практикалық, логикалық, зерттеушілік, креативтілік қатынасты дамытатын тапсырмалар арқылы оқушыларға мазмұнды дәріс берді. Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Шынболат Байназаровтың «Әке − күш, сенім, абырой, тәртіп» тренингіне білім ордасының әкелері, аталары қатысты. Оған әке мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас орнатудағы әкенің рөлі, тәрбиесі тақырыбы арқау болды.

Апталық «Біз біргеміз!» атты командалық сайыспен қорытындыланды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<